Мәдениет

Петропавлға италиялық “The four Italian tenors” квартеті келді

Жанды дауыстағы әсем ән, сүйемелдеуші оркестр және халықтың өнерге деген махаббаты мен ықыласы. Кеше Ақан сері атындағы облыстық филармонияда осы аталғандардың барлығы бір жерге тоғысты. Оның себебі – классика жанрын сүюші көрерменге кең танымал италиялық “The four Italian tenors” тобының келуі. Квартет теріскей халқын Жаңа жылмен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлауға келіпті.

ДАВИДЕ ЛАБОЛИТТА, “The Four Italian Tenors” тобының музыкалық менеджері, Италия:

– Бұл – Қазақстанға жасаған алғашқы сапарымыз. Квартет ең таңдаулы туындыларды дайындап әкелді. Жиналған көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын. Бізді өнер көрсетуге шақырғандары үшін өте қуаныштымыз және әрі қарай бұл қатынас жалғасын табады деп сенемін. Қазақстан бізге өте ұнады. Қар өте көп екен. Бізде қар мұншалықты көп жаумайды.

Өздеріңіз білетіндей, операның отаны – Италия. Сондықтан, классикалық репертуардың айтарлықтай көп бөлігі итальян тілінде жазылған туындылардан тұрады. Кеште аталмыш шетелдік топпен бірге жергілікті эстрадалық-симфониялық оркестр ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің дирижерлығымен өнерлерін ортаға салды.

МАРАТ ЗАКИРЬЯНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрінің әртісі:

– Бүгінгі кеште әлемге әйгілі Италия композиторларының шығармалары орындалады. Негізі, бұл – филармонияда пандемиядан кейінгі халықаралық алғашқы жоба. Өзім бұл топты алғаш естіп, көріп тұрмын. Кеше дайындық барысында туындыларымен таныстым. Жалпы, бұл топ классика жанрын сүйетін жандарға жақсы таныс.

Жалпы,”The four Italian tenors” қызылжарлық өнерсүйер қауымға 15 туынды тарту етті.

 

Ақжүніс Мұқатай