СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облысты артқа тартқан аудандар аталды

Облыстық әкімдік қабырғасында кезекті отырыс өтті. Әдеттегідей, жиын шымылдығын аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді атады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бірінші мәселе – өңірдің қаңтар-қараша айлары аралығындағы дамуы. Екінші мәселе – қаңтар-қараша айлары аралығындағы бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін орындау.

Күн тәртібіне шығарылған 2 мәселе де аса маңызды деуге толық негіз бар. Алғашқысы бойынша экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов баяндама жасады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Присаживайтесь, на свои места проходите, руководителя аппарата предупреждаю, в следующий раз в зал те, кто опаздывает, чтобы не заходили.

Облыстың 11 айдағы жалпы дамуы көңіл қуантқанымен, бірқатар саладағы кемшілік арқаны кеңге жаюға мүмкіндік бермей отыр. Мысалы, Шал ақын, Ақжар, Жамбыл және Есіл ауданында сүт өндірісі төмендеген. Ал Ғ. Мүсірепов, М. Жұмабаев пен Мамлютте ет өндірісі айтарлықтай кеміген. Түптеп келгенде, осы және өзге де факторлар өрге ұмтылған өңірді артқа тартуда.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жұмыртқа өндірісінде де оң өзгеріс көріп отырған жоқпын. Қызылжар мен Тайынша ауданындағы жағдай әлі күнге дейін тұрақталған жоқ. Тағы бір назар аударарлық мәселе – облыс орталығында орналасқан “Петропавл бройлері” серіктестігіне инженерлік желілердің тартылмауы. Кәсіпорын 12 корпус тұрғызды. Инвестор желтоқсан айында істі бастауды жоспарлаған еді. Алайда, көздегені орындалмайын деп тұр.

Жергілікті жердегі жайбасарлардың салдарынан кәсіпкер кірістен, ал мемлекет салықтан қағылмақ. Осы жайт бойынша Ғауез Нұрмұхамбетов шаһар басшысын тұрғызды. Кемшіліктерге жол берген аудан әкімдері де қашықтықтан түсініктеме жасады. Өндіріс, құрылыс, инвестиция тарту және тұрғын үйді тапсыру. Өңір жетекшісі аталған салалардағы олқылықтарға да тоқталып, қорытынды жасады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– По итогам 11 месяцев наибольшее количество недостигнутых показателей социально-экономического развития сложилось в районах им Г Мусрепова, Мамлютском, Уалихановском. Уважаемые, акимы, коллеги! По итогом года будут приняты соответствующие меры.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні айтылғасын жиын қатысушылары екінші мәселеге көшті. Өкінішке қарай, мұнда да ақ жағалы атқамінерлер төмен қарауға мәжбүр. Жауаптыларды мінберге шығарып, баяндама тыңдаған соң Ғауез Нұрмұхамбетов жағаұстатарлық санды жария етті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жылдың аяқталуына санаулы күн қалды. Ал бізге 15 млрд теңгеге жуық қаржыны игеру керек. Мұның ішінде республикалық қазынадан және “Ұлттық қордан” аударылған ақша бар. Яғни, келіп тұрған қомақты қаражатты оң өзгерістерге бағыттамай, кері қайтарамыз. Кейін орнын жергілікті бюжет арқылы толтырамыз. Мұны қалай түсінуге болады?

Демек, басқарма басшылары мен аудан әкімдері дайын асқа тік қасық болуға құлықсыз. Өңір жетекшісі әр салада игерілмеген қаржы көлемін атап, жауаптыларды орнынан тұрғызды. Сөз соңында орынбасарларына жағдайға анализ жасап, қорытынды шығаруды тапсырды.

 

Байболат Құлтанов