Балалар

Балаларға арналған ертеңгілік

Бұл-жап-жасыл бетперде киіп алып, балаларға Жаңа жыл мерекесін тойлатпауға барын салып жүрген кейіпкер Гринч. Балалардың Аяз атаға жазған хатын жеткізбеу үшін жоспар құрып жүр. Жақсылық пен жамандықтың күресі. Бүгін С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында балдырғандарға арналған ертеңгілік “Таңғажайып әлем” атты комедиялық қойылыммен басталды. Режиссері – Дәурен Тойбазаров.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Мен өзім де әкемін. Балам әр жыл сайын Аяз атаға хат жазатын. Бірақ, оның тілектерін орындайтын – ата-анасы ғой. Бүгін келіп отырған 200 баланың бірі болмаса бірі хат жазған шығар. Бүгінгі қойылым да соған негізделген. Әр баланың арманы орындалу керек деп ойлаймын. Жүздерінен күлкі кетпесін дегім келеді.

Жалпы, қойылым комедияға негізделген. Сахнадағы әртістер залда отырған көрерменге сұрақтар қойып, кері байланыс жасап та жатты. Балалар зұлымдық артта қалып, жеңіс пен жақсылықтың алға озуына сеніп отыр. Қойылым барысында Аяз ата мен Ақшақардан бөлек әртүрлі ертегідегі кейіпкерлер да төбе көрсетті.

МӘДИНА ТҰРСЫНОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

– Қойылым туралы айтатын болсам, біз Арман деген баланың арманын орындауға ат салысамыз. Ол бала Аяз атаға хат жазады. Ал зұлым ниетті Гринж балалардың сыйлықтарын ұрлап, мерекені болдырмауға барын салады. Сол кезде балалар айқайлап, қолдау білдіргенде өте керемет сезімде боламыз. Қойылым 30 минутқа созылады. Сосын балалармен холға барып, түрлі ойындар ойнап, флешмоб билейміз.

Қаладағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына кірсең мерекелік көңіл-күй бірден сезіледі. Әсемделген қабырғалар мен жарқыраған шамдарды көргенде ертегі әлеміне түскендей боласың. Театр ұжымы бұл атмосфераны өңір жеткіншектері үшін арнайы дайындаған. Жалпы, театрдағы ертеңгілік күніне 3 мәрте қайталанады. Бүгін таңғы жиынның өзіне 200-ге жуық бүлдіршін келіпті.

 

Ақжүніс Мұқатай