МТРА жаңалықтары

Театрдағы ертеңгілік

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында балаларға арналып жаңажылдық бағдарлама ұйымдастырылды. Бағдарлама көлемі көп емес, небәрі 10-15 минуттық. Дегенмен, тартымды.
Балалар ертегі кейіпкерлерінің қимылын қайталап би билеп, ойын ойнады. Кезек Аяз ата мен Ақшақарға келді. Оларды ұл-қыздар ортаға дауыстап шақырды.

Кейін ұл-қыздар «Буратино» қойылымын тамашалады. Буратино, Пьерро, Карабас Барабас пен түлкі Алиса және мысық Базилио. Бұл кейіпкерлерді ересектер мен бүлдіршіндер жақсы таниды. Басты рөлді Павел Вилков сомдады.

ПАВЕЛ ВИЛКОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Буратино мейірімді әрі аңғал. Бәріне сеніп қала береді. Сондықтан, бұл ертегідегі кейіпкерлердің көпшілігі оны алдайды. Буратино үшін қойылымның соңы мейірімділікпен аяқталады. Өте қызықты ертегі. Келіп көріңіздер.

Бұл қойылым балаларды жақсы мен жамандықты ажыратып, сенімді дос әрі қамқор болуға үйретеді. Тіпті, жағымсыз кейіпкерлердің өзі жақсы жаққа өзгеріп, бақытты болады. Актерлер алдағы уақытта балаларға арналып түрлі қойылым ұсынбақ.

ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері:

Жаңа жыл күндері көрермендерімізді «Алтын кілт» ертегісі мен «Аяз атаның құпиясы» қойылымына шақырамыз. Ал «Буратино» – Анна Богачеваның пьесасы бойынша қойылған спектакль. Бұл оқиға бәрімізге балалық шақтан таныс. Келіп көрем деушілерге есік ашық.

Облыстық орыс драма театрында жаңажылдық қойылымдар қаңтардың 6-сына дейін көрсетіледі.

 

Гүлден Сембаева