Балалар

Петропавлда Президенттік шырша ұйымдастырылды

«Қош келдің, Жаңа жыл». Облыс орталығында Президентік шырша ұйымдастырылды. Шараға көпбалалы жанұяда тәрбиеленіп жатқан, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары, оқу озаттары мен мектепте белгілі бір жетістікке жеткен, жалпы саны – 200-ден астам ұл-қыз қатысты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жеткіншектерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Балалар, сендерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Денсаулықтарың мықты болсын, мектепте жетістікке жете беріңдер. Барлық бала осы Жаңа жыл мерекесін асыға күтетіні белгілі. Келер жыл сәттілікке толы болсын. Армандаған мақсаттарыңа жетіңдер.

Міне, ұл-қыздардың тағатсыздана күткен мерекесі де бастау алды.
Оларға арналып ән мен би, ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Жаңажылдық ертегі де ұсынылды.

Арнайы қойылымда Ер Төстік пен Ақшақар айдаһарға мініп, Аяз атаны іздейді. Сөйтіп, барлық ертегі әлемін шарлап шығады.
Мультфильм кейіпкерлері қыраулы атаны қай жақтан іздеу керек екенін нұсқайды. Бармаған жері, баспаған тауы қалмаған Ер Төстік пен Ақшақар Жаңа жылдың басты кейіпкерін Қытай елінен табады. Аяз ата келген сәтте барлығы бірге шыршаны жағады.

Жиналған оқушылардың киімдері бір-бірінен асып түседі. Құдды бір ертегі әлеміне тап болғандай күйге түсесің. Айару Хуатбекқызы бүгінгі кешке экология ханшайымы образында келген.

АЙАРУ ХУАТБЕКҚЫЗЫ – оқушы, Тайынша ауданы:

– Мен Тайынша ауданы Тихоокеанск ауылынан келдім. Бұл көйлекті ұстазым мен анам тікті. Экологияны аялау үшін бас киімімді осылай тікті. 15-інен бастап дайындалдық. Көйлегім мен қалағаннан да әдемі болып шықты.

Жаңажылдық кеште ертегі кейіпкері болып киінген балалар образдарын жарыса таныстырды.

– Бүгінгі жаңажылдық образым “Қазақстаның 7 кереметі” деп аталады. Маған барлық ертегі ұнады. Аяз атаның қалай тапқаны және би мен ән ұнады.
– Мен Күлшеқыз болып келдім. Өзге балалар да әдемі киініп келген.

Шара соңында барлығы ертегі кейіпкерлерімен шырша маңында суретке түсті. Келген оқушылардың әрқайсысына 100 мың теңге көлемінде сыйлық табыс етілді. Айта кетейік, желтоқсанның 29-ында Астанада Президенттің қатысуымен өтетін жаңажылдық кешке өңірден 5 бала қатысады.

 

Гүлден Сембаева