Балалар

Балаларға қуаныш сыйлады

Жаңа жыл қарсаңында барлығы ерекше көңіл-күйге, шаттық пен мейірімге бөленгісі келеді. Әсіресе, бүлдіршіндердің бұл мейрамнан күтері көп. Ойыншықтың сан түрін қалап, тәттіні арманша жесем дейді. Ал ана жылуын көрмей, әкенің бір сөзін естімеген балалар үйі тәрбиеленушілерінің арманы бұдан да зор, өзгеше болар, кім білсін? Кеше облыстық “Десантшылар Одағы” қоғамдық бірлестігінің десантшылары Соколовка мектеп-интернатының жеткіншектеріне барып, бір қуантып қайтты.

У-шулаған бүлдіршіндер десанттар мінген көлікті көріп бірден таныды. Жыл сайын келіп, сый-тартуларымен қуантатын азаматтарды жатырқамай, құшақ жая қарсы алды. Әртүрлі кейіптегі аниматорлармен ойнап, суретке де түсті. Асыр салған балалар ішке кіруге де асықпады. Десантшылармен доп ойнап, ептіліктерін көрсетті.

Даладаға сауық-сайран ән айтып, би билеумен аяқталды. Балалар ойыншықтармен безендірілген Жаңа жылдың басты сәні – жасыл шыршасы бар залға қарай ығысты. Салтанатты шарада бәрі де жайдары көңіл күймен өз өнерлерін ортаға салды. Ортаға Аяз ата мен Ақшақар еніп, түрлі кейіпкерлермен қойылым қойды.

Шынымды айтсам, осы жерде Жаңа жылды бірінші рет қарсы алып жатырмын. Өзім Жаңа жылды басқалар сияқты асыға күтемін. Бүгінгі бағдарлама толығымен ұнап жатыр. Ойнадық та, ән айттық, сырғанадық. Барлығын Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Тек қана жақсылық тілеймін, тілеген тілектеріңіз бен армандарңыз орындалсын.

Маған Аяз ата мен Ақшақар ұнады. Жыл сайын тәтті алу үшін жаңа өлең жаттаймын. Біз жыл сайын Аяз атаға хат жазып қалдырамыз. Мен тілектерміздің орындалатына сенемін.))

Жалпы, Соколовка мектеп-интернатында 85 тәрбиеленуші бар. Директоры Марина Данилова мұндағы балалардың екінші анасына айналған.

МАРИНА ДАНИЛОВА, Соколовка арнайы мектеп-интернатының директоры:

– Желтоқсан айының 20-сынан кейін интернатымыздың қабырғасында жаңажылдық шаралар ұйымдастырыла бастайды. “Десантшылар Одағы” қоғамдық бірлестігінің десантшыларының бізге келіп жүргендеріне міне, 10 жылға жуықтайды. Әр келген сайын өзгеше бағдарлама дайындап, сыйлықтарымен қуантады. Наурыз мерекесін де бірге тойлаймыз. Алғысым шексіз.

Балалар үйіне бақыт сыйлау үшін 20-дан астам десантшы келді. Балдырғандарды сиқырлы ертегі әлеміне жетелеп, ерекше көңіл-күйге бөлеу үшін жоғары деңгейдегі бағдарлама дайындап әкеліпті.

ДЕМЕУ БАҒЫТ, “Десантшылар Одағы” ҚБ мүшесі:

– Біз 8-Наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде, өзіміздің Десантшылар күні мен Жаңа жылда міндетті түрде келеміз. Жазда балалар орманда – лагерьде болады. Ол кезде өзгеше бағдарлама болады.

Шара соңында балаларға тәтті салынған сыйлықтар үлестірілді. Жастайларынан өмірдің тауқыметін тартқан жаутаңкөздер шаттанып, төбелері көкке жеткендей болды.

 

Ақжүніс Мұқатай