СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен қос ауданда болды

Таза, кең әрі жарық. Желтоқсан айының басында Айыртаудағы Лобаново ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы 7 айға созылды. Ал жобаның құны 286 млн теңгені құрады.

ПЕРДЕГҮЛ ДҮЙСЕНОВА, дәрігерлік амбулаторияның жалпы тәжірибелік дәрігері, Айыртау ауданы:

– 4 ауыл халқына қызмет көрсетеміз. Олар: Лобаново, Альжанка, Шалқар және Заря. Акушер маман бар. Күндізгі стационар жұмыс істейді.

Мұндай дәрігерлік амбулаторияға жергілікті тұрғындар разы. Олар мамандардың біліктілігіне де жоғары баға береді.

– Төлеповна – өте жақсы дәрігер. Өз ісінің шебері. Ылғи келі отырамын.
– Бұл күнді 30 жыл күттік десек болады. Нысанның іші жап-жарық. Мұндай жерде жұмыс істеудің өзі бақыт дер едім.
– Такой подарок к Новому году!

Амбулаторияның жұмысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жіті танысты. Тілдесу барысында қандай да бір олқылық анықталса, нысанды тұрғызған компания дереу ретке келтіру керектігін еске салды. Мердігер – «ПМК-5» серіктестігі. Сонымен қатар, жаңа бастама жайлы айтылды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жерде дәріхана болу керек. Осыны денсаулық сақтау басқармасының басшысына айттым.

Облыс әкімі ат ізін салған тағы бір нысан – Арықбалық ауылдық мәдениет үйі. 1985 жылы тұрғызылған нысан былтыр күрделі жөндеу көрді.

СВЕТЛАНА НАЗАРОВА, Арықбалық ауылдық мәдениет үйінің директоры, Айыртау ауданы:

– Ғимараттың төбесі, шатыры толығымен ауыстырылды. Бұрын екінші қабаттағы кабинеттердің жартысы жабық жатқан еді. Жөндеуден кейін олардың барлығының тамырына қан жүгірді. Қазір жаңадан үйірмелер ашу мүмкіндігіне иеміз. Би залы, көрермендер орны, кіреберіс, дәретханалар да адам танымастай күйге енді. Ыстық су бар, душ жұмыс істейді. Спорт залға да адамдар келіп тұрады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Здесь и подростки занимаются, старшее поколение, это очень здорово, удачи Вам, всего самого доброго.

Екінші қабатта үлкен кітапхана орналасқан. Мұнда ауыл балалары шығармашылықпен де айналысатын аумақ бар.

– Каждый день ходите? – Да. – Хватает, всего? – Да . – Красок? – Да. Молодцы, здорово! – Не холодно? -Нет.

Өңір басшысы ауылда жергілікті тұрғындармен де кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Анатолий Мигаль Арықбалықта 2 көшенің жөнделгенін қалайды. Облыс әкімі келесі жылы көшелердің бірі қалыпқа келтірілетінін айтты. Тұрғындарды басқа да мәселелер алаңдатады.

ЕВГЕНИЯ ШКИПТАН, Арықбалық ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Мектепте 300-ден астам бала оқиды. Осыны ескеріп, ауылымызда қосымша білім беру орталығының филиалын ашу жағын қарастыруды сұраймыз. Сұрауымыз орындалса, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары құрылады. Балаларымыз да дами түспек.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Қазіргі бекітілген бюджет аясында мектеп немесе мәдениет үйінің базасында филиал ашуды қарастыруға дайынбыз. Балалардың неге қызығатынын анықтап алу керек. Сол бойынша мұғалім тауып, үйірме ашамыз.

Ауыл тұрғындарын медициналық кадр тапшылығы мәселесі де алаңдатады. Қазір Арықбалықта балалар дәрігері жоқ екен.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Дәрігерлік амбулаторияда 2 маман жұмыс істейді. Біреуі қазір декреттік демалыста. Жалпы тәжірибелік дәрігер ересектерге де, балаларға да қызмет көрсетеді. Көтерілген мәселе күллі елге қатысты екенін түсіну керек. Денсаулық сақтау жүйесін реформалау кезінде педиатрия факультеттері жабылды. Қазір салаға осы әсер етіп отыр. Қазақстанда балалар дәрігерлерінің саны енді артып келеді.

Бұл күні өңір басшысы Ғ.Мүсірепов ауданына да барды. Тахтаброд ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Жоба құны 260 млн теңгені құрайды. Облыс әкімі маңызды істі қысқа уақыт ішінде аяқтауды тапсырды. Ал Сокологоровка ауылында Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындармен кездесу өткізді. Жүздесуде бой көрсеткендердің арасында облыстық әкімдік қабырғасында өткен қоғамдық қабылдауға келгендер де болды.

ВАЛЕНТИНА ГОРБАЧЕВА, Сокологоровка ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Сюда нужно завести хорошего инвестора, который будет прислушиваться к людям, который будет развивать это всё.

Сокологоровка және Тахтаброд ауылдарының тұрғындары біраздан бері инвесторды ауыстыру мәселесін көтеріп жүр. Халықтың өкпесі қара қазандай. Себебі, олардың жері кепілдікке қойылған. Қазір жауапсыз серіктестік өкілдері мен теріскейліктер арасында сот болып жатыр. Аймақ басшысының бірінші орынбасары неге жұртшылық инвесторды өздері таңдай алмайтындарын түсіндірді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– «Бәйтерек» сотқа шағым түсірді, шешім қаңтарда шығады. Ұлттық компания ретінде «Бәйтеректің» өз талаптары бар. Біз оларға әсер ете алмаймыз. Жерді пайдалану құқығы аукционға қойылады. Бұл электронды сауда алаңында болады. Жағдай өте қиын. Біз мәселені бақылауда ұстаймыз.

Әңгіме барысында тұрғындар жергілікті «Қазстройтрейд» серіктестігі өз жұмысшыларына 4 айдан бері жалақы бермегенін айтты. Берешек көлемі 36 млн теңгеге жуықтайды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аудан әкіміне Еңбек инспекциясына арыз жазу жөнінде тапсырма берем. Прокуратура және өзге де құзырлы органдар бұл серіктестікті тексереді. Істі жаңа жылға дейін бастау керек.

Әлі Сокологоровка ауылы тұрғындарының бәрі пай алмапты. «Краснознаменский-2» серіктестігінің басшысы бұл мәселені шешуге көмектеспек. Ғ.Мүсірепов ауданында үлгілі ауыл шаруашылығы құрылымдары көп. Солардың бірі – «Ақселеу». Жұмыс сапарымен келген облыс әкімін кәсіпорын басшысы Серік Малаев күтіп алып, аумақты аралатты. Диқан биоотын жағылатын қазандықты көрсетті және жаңғыртудан өткен астық сақтау орны мен диспетчерлік пункті таныстырды.

ҚЫРМЫЗЫ ШАМЕКЕШОВА, «Ақселеу» ЖШС бас диспетчері, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Біздің мақсатымыз – еңбек өнімділігін одан әрі арттыру. Мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Әрқайсысы іске берілген. Кешкі уақытта да жиын өтіп, жоспар құрылады.

Қазір заманауи технологиясыз дами алмайсың. Мұны бес саусақтай білетін серіктестік басшылығы қаржы бөліп, жылдан-жылға жетістіктерге жетуде.

 

Байболат Құлтанов