Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Банк филиалы Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығына инватакси көлігін сыйлады

3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күні. Осыған орай Петропавлда ерекше шара ұйымдастырылды. Оның барысында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның облыстық филиалы Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығына инватакси көлігін сыйлады. Мұндай жылжымалы мүлік аса қажет. Бүгінгі таңда Аққайың ауданында орналасқан мекемеде 245 теріскейлік күтім алуда.

АНДРЕЙ СЕМБАЕВ, Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры, Аққайың ауданы:

– Біздің орталықта автомобиль бар. Бірақ, мына инватакси көлігінің мүмкіндігі зор. Ол арбаға таңылған кембағал адамдарды тасымалдауға арналған. Онымен медициналық мекемелерге, мәдени және спорттық іс-шараларға қиындықсыз баратын боламыз. Енді бұл істе қиындық жоқ. Орталық атынан алғысымды білдіремін!

Аққайың ауданындағы орталықта мүгедектер және зейнеткерлер тұрады. Тиісінше, оларға 2 санат бойынша қызмет көрсетіледі.

САИДА ҚАБЖАНОВА, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Бұл – біздің алғашқы тәжірибе емес. Бұған дейін қайырымдылық қорымен бірігіп, Петропавл қаласындағы және Тайынша ауданындағы орталықтарға осындай көлік сыйладық. Аз қамтылған отбасылармен де тығыз байланыстамыз. 1-ші маусым, 1-ші қыркүйек сынды дата қарсаңында осындай жанұяларға барып, балаларды қуантамыз. Яғни, біздің банк әлеуметтік саланы үнемі назарда ұстайды.

Қаржы ұйымы қайырымдылық істерді әрмен қарай жалғастырмақ. Бастамаларды облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев атап өтіп, филиалға сәттілік тіледі.

 

Байболат Құлтанов