Балалар

“Теңге” фильмінің премьерасы

Петропавлда “Теңге” фильмінің тұсаукесері өтті. Режиссері – Нұрлан Жұмадиллаев болса, сценарий авторы – Гүлжамал Райымқұлова. Осыдан 1 ай бұрын Қызылжар өңірінде түсірілген тырнақалды туындының түсірілім ұжымы – Шымкент қаласының “Мейрам” балалар киностудиясы екен.

МАҚСАТ ҚАРСЫБАЕВ, “Мейрам” балалар киностудиясының көркемдік жетекшісі, Шымкент қаласы:

– Жалпы, “Теңге” атты фильмінде қазақтың ұлттық теңгесі, құндылығы жайлы көрсетілген. Балаларға тәлім-тәрбие беретіндей етіп түсірілген. “Теңге” деп қойылған себебін көрген адам түсінетін болады. Жалпы, тәрбиелік мәні мен мағынасы бар фильм.

Жалпы, туындының жанры – балалар драмасы. Ел тарихы, комедия мен өмірлік оқиғаның барлығы осы бір фильмде тоғысқан. Кино желісі бойынша жас буын ұлттық валютамыз – теңгені асқақтатып, танымал етуді армандап, талпынады. Бүгінгі тұсаукесерде жайнап жүрген Әлия Сейдімбек түсірілім барысында бастан-аяқ болған екен. Себебі, егіз балалары Сауран мен Аружан аталмыш туындыда төбе көрсеткен.

ӘЛИЯ СЕЙДІМБЕК:

– Мен өте қуаныштымын. Біздің сүйікті қаламызда балаларға арналған кино түсірілімі өтті. “Мейрам” киностудиясына көптен-көп рахмет. Алғысым шексіз біздің балаларымызға көрікті кино түсіргені үшін. Келешекте балаларымыз жарқыраған жұлдыз болады деп ойлаймын.

Жас буынның актерлік өнерін тамашалауға өңір тұрғындары көптеп жиналды. Дені балалар болғанымен, ересек жандарды да кездестіруге болады. Аян Болат теріскей өңірінде түсірілген фильмге жоғары бағасын берді.

АЯН БОЛАТ, көрермен:

– Бұл өте үлкен жетістік. Балалар үшін, еліміздегі тіліміз, құндылығымызды насихаттау үшін өте орынды жасалған. Сонымен қатар, туынды ертең өскелең ұрпаққа жақсы септігін тигізеді деп ойлаймын.

Жалпы, түсірілім небәрі 1 аптаға жуық уақыт ішінде түсірілген екен.

 

Ақжүніс Мұқатай