Білім

Назарбаев Зияткерлік мектебінде хакатон сайысы өтті

Қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде хакатон сайысы өтті. Жыл сайын ұйымдасытырылатын шараға бұл жолы 35 команда қатысты. Аты да, заты да ерекше доданың бір тәулікке созылатыны белгілі. Бұл жолы ұйымдастырушылар қатысушыларға бірқтар ІТ міндет қойды.

ӘДІЛБЕК ИСМАГУЛОВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ информатика пәні мұғалімі:

– Орта топтағы балалар оқу үлгерімі төмен оқушыларға көмек көрсету мүмкіндігі туралы ұсыныстарын жасауы керек. Біз командалардан оқуда қиындықтарға тап болғандарға жәрдемдесудің IT шешімін күтеміз. Оған қызықты онлайн ресурстар, менторинг және жеке оқыту тәсілдері кіруі мүмкін. Жоғары сынып оқушылары білім беру ортасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жобалар әзірлейді. Олар өрт пен төтенше жағдайлар кезінде мектептегі балалардың санын есепке алудың бағдарламасын ұсынуы керек.

Жалпы, жарыс екі жас деңгейі бойынша өтті: 7-ші мен 9-шы және жоғары сынып оқушылары. 9-сынып оқушысы Болатәли Азаматұлы өз командасына дизайнер ретінде септесуде.

БОЛАТӘЛИ АЗАМАТҰЛЫ, Химия-биология бағытындағы НЗМ 9-сынып оқушысы:

– Біз бұл сайыста оқушыларға арналған сайт дайындадық. Ол сайтта балалар бір пәнді таңдап, сол бойынша консультацияға барады немесе керек ақпараттарын алады. Біз бұл жобаны информатика тілінде жаздық.

Берілген уақыттың ішінде оқушылар айтылған міндеттердің қызықты шешімін ойластырды. Креатив пен ақылды талап ететін сайысқа бар құлшыныстарымен кірісіп кетті. Айта кетейік, өткен жылы мектеп қабырғасында хакатон сайысы 3 мәрте өткізілген. Биыл жергілікті мектептің тәжірибесін өзге NIS мектептері де іске жаратып, алда желілік хакатон ұйымдастырмақшы. Демек, мектепшілік шараның үздіктері бұдан да ауқымды жарыста төбе көрсетуге мүмкіндік алады. Онда балалар тәжірибе алмасып, өз дағдыларын жоғары деңгейде көрсете алады.