ТЖ

Боранда малын іздеуге шыққан үш ер адам табылды

Өңірге әдеттегіден кеш түскен қар бір сәтте ел тұрғындарын әбігерге салды. Қар жауып боран соққанымен қоймай көктайғақтың кесірінен сенбі күні облыстық әрі республикалық маңыздағы 9 жол жабылды. 9 жолдың бірінде тұралап қалған көліктер кездесті. Тіпті, Сергеевка қаласының тұсында түк көрінбейтін бораннан көлік жолдың арғы бетіне түсіп кеткен. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.

СӘКЕН АҒЗАМОВ, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Қолайсыз ауа райының салдарынан Шал ақын ауданында “Газель” көлігі жол шетіне түсіп кетті. Ішіндегі адамдар эвакуацияланды. Арасында бала болған жоқ.

Қалың боранда жол іздегендерден бөлек малын таппай сенделгендер де болды.
Мұндай жайттар үш бірдей ауданда тіркелді. Олар: Тимирязев, Айыртау мен Жамбыл аудандары. Төрт түлігінің ізіне түсем деп айдалада қала жаздаған 3 ер азамат дін аман күйінде табылды.

СӘКЕН АҒЗАМОВ, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Ауыл тұрғындары үйлеріне келмеген малдарын іздеп шыққан. Төрт түлікті ауылға жақындата берген кезде боран күшейіп кеткен. Жан да аман, мал да аман. Азаматтарды құтқарушылар іздеп тауып, жақын жерде орналасқан жылыту пунктіне жеткізілді. Барлығы – осындай жылыту қосындарына боранды күндері 60-қа жуық адам орналастырылды. Оның 3-еуі – бала.

Облыста биыл 350-ге жуық жылыту пункті әзірленді. 90-ға таяуы республикалық маңыздағы жолдарда орналасқан. Өңірде 390-ға жуық жер жиі қар басып қалатын аумақ болып саналады. Басым бөлігі облыстық және жергілікті маңыздағы жолдарда кездеседі.