МТРА жаңалықтары

Бизнесті қорғау – негізгі басымдықтардың бірі

Бизнесті қорғау әрі қолдау – құқық қорғау органдары жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Өкінішке қарай, қазір кәсіпкерлер түрлі қиындықтарға тап болады. Қағазбастылық, мемлекеттік қаржының бөлінбеуі, тиісті жердің берілмеуі. Осы сынды мысалдар жетіп жатыр. Бұлар іскер жанның ғана емес, түптеп келгенде тұтас елдің дамуына кері әсер етеді. Мұны жақсы білетін прокуратура өкілдері бүгінде мәселелерді шешуге ат салысуда.

МАРАТ АЮПОВ, СҚО прокуратурасы басқармасының бастығы:

– Қазіргі таңда облыста 64 инвест-жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың әрқайсысын сүйемелдеу үшін прокуратура өкілдері бекітілген. Бұған дейін инвесторларға қатысты 2 мәселе көтерілді. Олар біздің араласуымызбен біржақты етілді. Бүгінде 1 проблема шешіліп жатыр.

Шенділер қызғыштай қорғаған инвест-жобалардың өңірге берері мол. Жұмыс орындары пайда болады, өнім көлемі ұлғаяды. Мұны аймақ басшысының орынбасары Рүстем Құрманов облыстық прокуратура қабырғасында арнайы құрылған фронт-кеңседегі отырыста айтты.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– 64 инвест-жобаның жалпы құны 684 млрд теңгені құрайды. Бастамалардың жүзеге асырылуымен 6 жарым мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Яғни, өңіріміз үшін аса пайдалы болмақ.

Дегенмен, әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Кәсіпкерлердің базыналары тыңдалып, жан-жақты қаралатын фронт-кеңседегі отырыста
ДСП зауытын ашқан мамлюттік іскер жан Нұрмұрзат Мұзарапұлы сөз алды. Азамат біраздан бері дегеніне жете алмай жүр екен.

НҰРМҰРАТ МҰЗАРАПҰЛЫ, “Сапа Инвест Плюс” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Зауытқа жарық тартып, су кіргізу керек. Құжаттарды 2 жыл бұрын өткіздім. Алайда, нәтиже жоқ. Осы кемшіліктердің кесірінен жұмысым тоқтап тұр.

Азаматты облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов мұқият тыңдады және мәселе аяқсыз қалмайтынын жеткізді. Қоса кетейік, бұл жиында өзге де проблемалар көтерілді.

 

Байболат Құлтанов