Денсаулық сақтау

СҚО-да “Аңсаған сәби” бағдарламасы арқылы 170-тен астам сәби дүниеге келген

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Мына есіктен шыр етіп өмірге келген сәбиді, оны дүниеге әкелген азаматшаны қарсы алу – көп әкеге арман. Қыз-келіншектер де сол күнді күтеді, армандайды. Бірақ, бұл бақыт бәрінің басына бұйыра бермейді. Тағдырдың жазуы солай. Алайда, қазір медицина бар, ғылым бар. Мемлекеттік қолдау тағы бар.

Қысқасын айтқанда, қазір еңсені түсіруге болмайды. Мемлекет басшысы 2020 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе екенін баса айтты. Проблема көңіл бөлуді қажет етеді. Осыны алға тартқан Президент Үкіметке тапсырма жүктеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мем­ле­кеттермен салыстырғанда көңіл көншіт­пейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңса­ған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстра­кор­пораль­ды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет.

“Аңсаған сәби” үкілеген үмітті ақтады. Еліміздің мыңдаған шаңырағында ұл-қыздардың үні естілді. Медициналық мекемелердің есігін жылдап жағалаған ата-аналардың жүзіне күлкі үйірілді. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысын алайық. Өңірімізде бағдарлама арқылы 170-тен астам перзент дүниеге келіпті. Бұдан асқан бақыт бар ма?

ГҮЛЗИРА ҚОШТАЕВА, СҚО перинаталдық орталығы құрсақтағы ұрықты қорғау орталығының меңгерушісі:

– 21-ші жылы 217 квота берілді. 103 бала туды. Оның 16-сы – егіздер. 22-ші жылы 68 бала туды. 8 егіз бар. 23-ші жылға 190 квота берілді. Барлығы қамтылды. 51 жүкті әйел есепте тұр.

Демек, сәтін салса алдағы уақытта өңірімізде 50-ден аса сәби өмірге келеді. Анаға да, балаға да орталықтың білікті мамандары қызмет көрсетуге әзір. Айта кету керек, биыл мұндағы кадр тапшылығы мәселесі толығымен шешіліпті.

НАТАЛЬЯ САЛОХИНА, СҚО перинаталдық орталығы неонатология блогының меңгерушісі:

– Биыл қатарымыз 5 білікті маманмен толықты. 2 акушер-гинеколог, 2 анестезиолог-реаниматолог және 1 неонатолог. Жас дәрігерлер өздерін жақсы қырынан көрсетті. Алған білімдері, жинаған тәжірибелері бірден байқалды. Оларды қорықпай кезекшілікке қоя аламыз.

Блог меңгерушісі марқая айтқан маманның бірі – Нұрлыайна Тілеуқұл. Акушер-гинеколог – Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Өзі – Петропавлдың тумасы. 10 жылдық оқуын аяқтап, қолына диплом алған нәзікжанды туған жерге оралуды шешіпті. Қазір күніне орта есеппен 4-5 баланың өмірге келуіне септеседі.

НҰРЛЫАЙНА ТІЛЕУҚҰЛ, СҚО перинаталдық орталығының акушер-гинекологы:

– Осы жерде жұмыс істеп жатқаныма 2 ай болды. Тез үйреніп кеттім. Мамандар көмектеседі.

“Аңсаған сәби” бағдарламасына қайта оралайық. Бұл жобаға аңсары ауған аналарды орталықтағы репродуктолог дәрігер қабылайды. Алайда, алдымен жергілікті акушер-гинекологқа жүгіну керек.

ГҮЛЗИРА ҚОШТАЕВА, СҚО перинаталдық орталығы құрсақтағы ұрықты қорғау орталығының меңгерушісі:

– Жергілікті емханалардан жолдама бойынша келеді. Яғни, акушер-гинеколог мәселені анықтап, бізге жібереді. Репродуктолог қабылдайды. Тексерулерге жібереді. Сол бойынша бізге қайта келеді.

Осыдан кейін репродуктолог дәрігер экстракорпоральды ұрықтандыру жасалатын орталыққа жібереді. Елімізде мұндай 27 орталық бар. Өкінішке қарай, Петропавлда жоқ. Сөз соңында статистикаға тоқталайық, биыл өңірімізде 4400-ден астам бала өмір есегін ашыпты. Ұл-қыздардың 80 пайызы облыс орталығындағы перзентханада дүниеге келген.

 

Байболат Култанов