Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындарына 43 елдің спортшылары қатысты. Ел құрамасының атынан Солтүстік Қазақстан облысының пара атлеттері Иван Залезняк, Сергей Харламов пен Дмитрий Орлов өнер көрсетті. Дүбірлі додада жерлесіміз Иван Залезняк 3-ші орын иеленіп, ел қоржынына қола медаль әкелді. Спортшы дүбірлі додада ядро лақтырудан сынға түсті.
Айта кетерлік жайт, мұндай нәтижені Иван 2018 жылы да көрсеткен болатын. Спортшы Индонезияның Джакарта қаласында өткен ІІІ Пара Азия ойындарында да жүлдегерлер қатарынан көрінген.
ИВАН ЗАЛЕЗНЯК, Азия пара ойындарының қола жүлдегер:
– Мен спортпен шамамен 10 жылдан астам уақыт айналысамын. Қытайдың Ханчжоу қаласы өте әдемі, сайыс жақсы өтті. Бәрі де керемет ұйымдастырылған. Өзіме ұнады, тамаша ел. Бұл – менің екінші Азия ойындарым. Алғашқы Азия ойындары Индонезияның Джакарта қаласында өтті. Онда да мен үшінші орынға ие болған едім.
Байрақты бәсекеде диск лақтыру бойынша Евгений Орлов 5-ші орынды қанжығасына байлады. Ел намысын қорғауға аттанған тағы бір жерлесіміз Сергей Харламов қашықтықта жүгіру сайысында өзін сынап көрді. Пара жеңіл атлеттердің жаттықтырушысы Дмитрий Клеев спортшыларды қатарынан 5 жыл жаттықтыруда. Сөзінше, алда әлі бірқатар додаға қатысу жоспарланып отыр.
ДМИТРИЙ КЛЕЕВ, жаттықтырушы:
– Әрине, күміс жүлдегерге қол жеткізуге болар еді. Кішкене толқу болды. Бірақ, менің ойымша, спортшылар лайықты өнер көрсетті. Дайындықтың өзінде де бірқатар қиындық бар. Басқалар топтық жаттығулар өткізсе, бізде мұндай мүкіндік жоқ. Сондықтан, әрбіреуімен жеке айналысамыз. Жеке тәсілдер бар, біз әрқайсысына арнайы құралдарды табамыз және арнайы әдістеме жасаймыз.
Облыс әкімі Азия пара ойындарының қатысушыларымен кездесу өткізді. Аймақ басшысы спортшыларды жеңіспен құттықтап, ақшалай сертификат табыс етті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мен сіздерге үлкен алғысымды білдіремін. Сіздер – шынымен нағыз жауынгерлерсіздер. Сіздерге қарап адамдар өзіне деген сенімділікті арттырады, жаңа биіктерге ұмтылады. Бүгінде біз жаттықтырушыларға да алғыс айтамыз. Параолимпиадашыларды даярлау – біздің жаттықтырушыларымыздың үлкен еңбегі. Спортшыларымыздың үлкен перспективалары бар екеніне сенімдімін және олардың есімдерін біз беделді жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қатарынан бірнеше рет естиміз деген ойдамын.
IV Азия ойындарында Қазақстан 41 медаль жеңіп алды. Ел құрамасының қоржынында 8 алтын, 12 күміс және 21 қола жүлде бар. Қорытынды есепте спортшылар 11 орынға жайғасты. Бұл – қазақстандық паралимпиадашылардың Параазиадаға қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.