Сенбі күні 150-ге жуық ер азаматтың басын қосқан “Мен сенің өміріңнің жалғасымын” атты облыстық әкелер форумы өтті. Ұйымдастырушылар – республикалық “Сенімен болашақ” қоғамдық бірлестігінің өкілдері. Өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан шараның мақсаты – қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, әкенің беделі мен белсенділігін арттыру және отбасы құндылықтарын насихаттау.
НҰРКЕН АСАНОВ, “Сенімен болашақ” РҚБ негізін қалаушы, Астана қаласы:
– Әкелер көбінесе жұмыс істейміз, нәпақа табамыз деп жүргенде бала бір жерде қалып қояды. Абай айтпақшы, егер бала ата-анадан мейірім көрмесе құрбысына барады, одан мейірім көрмесе ұстазына барады, ол болмаса қоғамға барады. Ал баланың бірінші мектебі, алғашқы ұстазы, ол – ата-ана. Сол үшін әке әрдайым баласына өсиетін беріп отыруы – парыз.
Оқушылар сарайының төрінде өткен шараның басында келген қонақтарға арнап оркестр ойнады. Қала және аудан тұрғындары “Жас сарбаз” әскери-патриоттық клубы тәрбиеленушілерінің өнерін тамашалады.
Сонымен қатар, психологиялық, отбасы және бала тәрбиесі жайлы жазылған кітаптар көрмесі де өткізілді. Бұл туралы республикалық “Сенімен болашақ” қоғамдық бірлестігі филиалының директоры Шерхан Арапбай толығырық баяндап берді.
ШЕРХАН АРАПБАЙ, “Сенімен болашақ” РҚБ Астана қалалық филиалының директоры:
– Біз ата-аналарға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетеміз, оған осындай форумдар, тренингтер мен семинарлар жатады. Екінші бағытымыз, бүгінгі таңдағы Алаш зиялыларының, педагогтарының еңбектерңн қайта басып шығарып, ата-анаға педагогикалық-психологиялық қолдау бағытында осындай ағартушылар еңбектерін жарыққа шығару. Мысалы, мына жерде Жүсіпбек Аймауытовтың “Тәрбиеге жетекші” кітабы 100 жылдан кейін қайта басып шығарылып, республика көлемінде 2 мың данасы таратылған болатын.
Нұркен Асанов жиылған қауымға бала мен асқар тау-әкенің арасындағы мызғымас қатынас туралы қысқаша дәріс оқыды. Өз өмірінен алынған мысалдарды да тиек етті. Тыңдаушылардың арасында ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің атқыш сарбазы, 3 баланың әкесі – Азамат Абдрахманов бар.
АЗАМАТ АБДРАХМАНОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің атқыш сарбазы:
– Жалпы, түсінгенім бойынша балаларға әкенің тәрбиесі керек, яғни қарап көмектесу керек. Бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолмен жіберу керек. Қазір үлкен балаларыма қарағанда кішкентайларыммен жақынмын. Олар кішкентай болған кезде үнемі жұмыста болдым. Ал қазір барынша уақыт табуға тырысамын.
Іс-шараның екінші бөлімінде әкелерге семинар-тренинг өткізілді. Жалпы, “Мен сенің өміріңнің жалғасымын” облыстық әкелер форумы 2021 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып келеді.