Спорт

21 жасқа дейінгі волейболшы қыздар арасында ел кубогы аясындағы 1-ші турдың ашылу салтанаты өтті

Петропавлда 21 жасқа дейінгі волейболшы қыздар арасында ел кубогы аясындағы 1-ші турдың ашылу салтанаты өтті. Қарашаның 10-ы бастау алған жарыс 19-ына дейін жалғасады. Чемпионатқа жергілікті “Қуаныш” волейбол клубы да қатысып жатыр. Бапкері Ойрат Еркеновтің айтуынша биылғы додаға жақсы дайындықпен келіп отыр.

ОЙРАТ ЕРКЕНОВ, “Қуаныш” ВК бапкері:

– Қазіргі өтіп жатқан ойын – Қазақстан Республикасының 21 жасқа дейінгі қыздар арасындағы 32-ші чемпионаты. Ойынға 9 команда қатысып отыр. Біздің “Қуаныш” тобының негізгі жетістіктері: осы 2022 жылы Азия чемпионы, жуырда Қазақстан чемпионат кубогы өтті Талдықорған қаласында, оның жеңімпазы болып оралды. Былтырғы Қазақстан Республикасының чемпионатының күміс жүлдегері, “Қуаныш” командасы әлем чемпионатының екі рет қатысушысы болды.

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген командалар жеңістен дәмелі. Мәселен, “Алматы” ВК-ның бапкері ауысыпты, құрамы да жаңарған. Яғни, ойын тактикасы да
өзгерген.

ШҰҒЫЛА АРТЫҚБАЕВА, “Алматы” ВК ойыншысы:

– Организация өте керемет, жоғары деңгейде және де осы турда 1-ші орын аламыз деген үміттемін. 1-ші турымыз 20-шы қарашаға дейін болады, одан кейін келесі тур 9-ынан басталады. Бәлкім, Талдықорған қаласында болады. Бәрі өте жоғары деңгейде өздерін көрсетеді деген ойдамын. Себебі, бізде де өзгерістер болды, бізде – жаңа бапкер.

Ел кубогының өзге турлары басқа қалаларда өз жалғасын табады. Ойын 4 турға бөліне отырып сәуір айына дейін созылады.

 

Мадина Каби