Ауыл шаруашылығы

Тұрақты табыстан қағылған тұрғындар сүт зауытының өкілдерімен кездесті

Мамлют ауданындағы Краснознаменное ауылы тұрғындарының негізгі табыс көзі – күнделікті сатылатын сүт. Алайда, бірнеше аптадан бері кіріс жоқ. Шикізат қабылдаушылар сапаның нашарлағанын алға тартып, әр үйге бас сұғуды қойған. Бұған қараша халық қапалы.

ЕЛЕНА МАРТЫНЕНКО, Краснознаменное ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– У нас нет работы. Как мы будем жить?

Ауыл тұрғыны Елена Мартыненко бұған дейін 6 сиыр сауыпты. Сүт саудасы тоқтағаннан кейін Зеңгі баба төлінің 2 басын союға мәжбүр болған екен. Тұрақты кіріс болмағандықтан, малды қыстан алып шығу оңай емес.

ИННА ПИСКУНОВА, “Маслодел” ЖШС директоры:

– Мы готовы у вас принимать молоко. Но надо прорабатывать вопрос.

Бұл жерде қос тарапты да түсіну қажет. Бірі табыстан, ал екіншісі сапаның нашар болуына байланысты шикізаттан қағылды. Мәселені шешуге болады. Зауыттан арнайы келген зертхана меңгерушісі түйткілге қатысты негізгі кемшіліктерді жіпке тізді.

ЕЛЕНА АХМЕТЖАНОВА, “Маслодел” ЖШС зертхана меңгерушісі:

– Тұрғындар санитарлық талаптарға мән беру керек. Сүт сауылатын әрі құйылатын шелек пен сиырдың желіні таза болғаны жөн. Малдың жасы мен денсаулығына да көп нәрсе байланысты. Егер жануар ауырса, ол сапалы шикізат бермейді. Төлдердің алдында және төлдегеннен кейін де сапа төмен болады. Мұны халық біркісідей білсе дейміз. Тұрғындар негізгі ережелерден хабардар болса әрі жауапкершілік танытса, сүт қабылдауға әрдайым дайынбыз.

Айта кетейік, бұл – жақын маңдағы ауылдарға қатысты да проблема. Тараптардың кездесуінде салаға жауапты орган өкілдері де болды. Бейінді басқарма басшысының орынбасары Талғат Наурызбаев зауыт өкілдерін тұрғындарға тазалық шараларын түсіндіруге шақырды. Сонымен қатар, мәселенің жай-жапсарын жақынырақ білу үшін халыққа өндіріс орнының қаладағы зертханасында сүт сапасын тексеруге кеңес берді.

 

Байболат Култанов