Экология

СҚО-да 76 қоқыс полигонының жағдайы мәз емес

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы өкілдерінің мәліметі бойынша биыл Солтүстік Қазақстан облысында қоқыс қалдықтарын төгетін 274 орын анықталған. Оның 198-і заңсыз болып саналады. Қалғаны заңды, бірақ жағдайы мәз емес.
76 қоқыс полигоны үйіле-үйіле белгіленген шекарасынан асып кеткен.
Бұл туралы «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысында айтылды. Жиында аталған мәселені шешу жолдары қарастырылды. Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың айтуынша өңірде 267 полигон жойылған.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ – СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Жалпы, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдыққа арналған 450-ден астам қоқыс полигоны бар. Олардың 353-іне жер актілері берілген. Рұқсат құжаттамасы тек өңірдің 11 полигонында ғана бар.

Өңірде осы мәселеге қатысты арнайы мобильді топ құрылған. Оның құрамына полицейлер, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері мен экология департаментінің қызметкерлері кіреді. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбахтың айтуынша
60-тан астам қоқыс орны арнайы жұмыс тобының көмегімен анықталған.

АЛЕКСАНДР РОЗБАХ, СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Осы ретте облыста 10 айдың ішінде 13 жарым мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның 2 жарым мыңнан астамы ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-ші бабына қатысты, яғни ортақ қолданыстағы жерді ластау. 11 мыңға жуығы аталған кодекстің 505-ші бабына қатысты, бұл – абаттандыру ережелерін бұзу. Айыптыларға жиынтық көлемі 44 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Оның 26 млн теңгеден астамы өндіріліп алынды.

Осы орайда экологиялық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері жауапты органдарға өз ұсыныстарын айтты. Олар: қоқыс қалдықтарын бөлек жинауды ұйымдастыру, қосымша жәшіктер қою және қайта өңдеуге жататын қалдық қабылдау пунктін ашу. Жиын барысында бұрын жұмыс істеген уран кен орындарына қатысты мәселе туралы сөз болды. Азамат Бектасовтың айтуынша «Солтүстік Қазақстан облысының 2020-2025 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасы» аясында Айыртау және Ғ. Мүсірепов аудандарында қорғаныс қоршауларын қалпына келтіру және радиациялық қауіпсіздік белгілерін орнату жұмыстары жүргізіліпті.

 

Гульден Симбаева