Құқық қорғау органдары

Мемлекеттің миллиондарын жымқырғандар жаза арқалады

Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттің миллиондарын жымқырғандар жаза арқалады. Өткен жылы прокурорлық тексерістен кейін Ғ. Мүсірепов ауданында автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталған болатын. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруге сүйенсек, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы жолдарды қалыпқа келтіруге 427 млн теңге көлемінде ақы төлеген. Алайда, жұмыстар нақты орындалмаған. Күдікке бөлім басшысы, мердігер ұйымның директоры және техникалық қадағалау сарапшысы ілінді. Қазан айында лауазымды тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты.

Ағымдағы жылғы 10 қазанда Петропавл қалалық сотының үкімімен аталған адамдар ҚР ҚК 189-бабының 4-тармағы 2-тармақшасымен қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Бюджет қаражатын жұмсау сұрақтары – қадағалау органының тұрақты бақылауында.

 

Байболат Култанов