“Астық-STEM” – өңірде мал шаруашылығын мықтап қола алған серіктестіктердің бірі. Бүгінде агроқұрылымның Тайынша ауданында 2 бірдей тауарлы-сүт фермасы бар. Соның бірі жақында ғана іске қосылды. 400-ден астам ірі қара ұсталатын кешенде жылына 3,2 мың тонна сүт өндірілмек. 30 тұрақты жұмыс орны пайда болды.
ЕЛУБАЙ ОҚАСОВ, “Астық-STEM” ЖШС құрылтайшысы:
– Бұл жерде 250 сиыр тұр. Сауу залы да осында орналасқан. Алдағы уақытта тәулігіне 30 литрге дейін сүт алу жоспарда бар. Ол үшін барлық жағдай жасалып жатыр.
Тауарлы-сүт фермасы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Шикізат жергілікті дүкендерге тасымалданады. Өнімнің бір бөлігі Ақмола облысына да жеткізіледі. Серіктестіктегі басты мәселе – жұмысшы тапшылығы.
ЕЛУБАЙ ОҚАСОВ, “Астық-STEM” ЖШС құрылтайшысы:
– Бізге жұмысшылар қажет. Қазіргі уақытта малшылар мен ветеринар мамандар іздеп жатырмыз. Кешенде тәулік бойына кезекшілік ету керек. Сондықтан, жұмысшылардың санын көбейту керек. Еңбекақы тұрақты түрде төленеді.
Қазір облыста 13 тауарлы-сүт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 6 ферма іске қосылады. Нәтижесінде ауылдарда тұрақты жұмыс орындары ашылады, шикізат көлемі мен зауыттардың жүктемесі ұлғаяды.
Байболат Култанов