Мәдениет

“Солтүстік кубогі” жайдарман фестивалі өтті

Әр өңірдің тума таланттары мен әзілкеш жастары өнерлерін ортаға салды. Өткен жұманың кешінде жергілікті университеттің қабырғасында “Солтүстік кубогі” атты жайдарман фестивалі өтті.

РҮСТЕМ АРМАН, “Қазақстанның болашағы үшін” қоғамдық студенттер бірлестігінің төрағасы:

– Бүгін “Қазақстанның болашағы үшін” қоғамдық бірлестігі мен ішкі саясат басқармасының қолдауымен облыстық жайдарман ойыны өтуде. Осы облыстық финалдық кезеңге дейін 2-қараша күндері іріктеу ойындары өтті. Сол іріктеу ойындарының нәтижесінде 8 топтың 7 командасы бүгінгі күнге дейін жетті. Енді олар бүгін көрермендерді өз әзілдерімен күлдіретін болады.

Залда ине шаншар жер жоқ. Әзілсүйер көрермен көптеп жиылыпты. Дені – студенттер. Қатысушылардың кейбірі жайдарманға бұрыннан қатысып келе жатса, енді бірі қанаттарын енді жайып келе жатқан жас топтар. Мысалы, Тайынша ауданының аталуы ерекше “Мектептен шаршағандар” командасы облыстық жайдарманда алғаш рет өнер көрсеіп жатыр.

ОРАЛ ҚАБДЕН, “Мектептен шаршағандар” командасының мүшесі, Тайынша ауданы:

– Шынымды айтсам, бұл ойынға дайындалу үшін көп уақытымызды жұмсадық деп айта алмаймын. 1 аптаның ішінде біраз нәрсе ұйымдастырып шығардық. Оның үстіне, бұл – біздің облыс көлемінде қатысып жатқан алғашқы ойынымыз.

Фестивальдің қорытындысы бойынша 1-ші орынды Қызылжар ауданының “Чудо дети” командасы иеленді. 2-ші орынға айыртаулықтар тұрақтаса, 3-ші орынды Мамлют ауданының әзілкештері иеленді.