Қазан айында масаң күйде көлік басқарған уәлихановтық тұрғын ұсталды. Заңға сәйкес іс қозғалды, сотқа жолданды. Алайда, жүргізуші жаза арқаламады. Фемида өкілдері “әкемнің денсаулығы нашарлауына байланысты дәрі іздедім” деген жауапқа сүйеніп, тәртіпсіз теріскейлікке шара қолданбапты. Ескерер жайт, ащы суға жақын жерлесіміз айдалада емес, аудан орталығында темір тұлпар басқарған.
МАРАТ ҚАЗИЕВ, СҚО прокурорының көмекшісі:
– Сондай-ақ, банкоматқа және ауруханаға соққан. Медициналық мекемелерге бармаған, жедел көмекке қаралмаған. Прокурормен аталған қаулыға апелляциялық өтінішхат келтірілді және жүргізушінің әрекеті төтенше емес екендігін дәлелдейтін материалдар ұсынылды. Ол жағдайды жауапкершіліктен құтылудың тәсілі ретінде пайдаланған.
Осылайша, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырылған. Кезекті соттың отырысының шешімімен жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айрылыпты.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Жалпы, өңірде мас күйде рөлге отыру жайты белең алып бара жатқандай. Жыл басынан бергі статистиканы полиция департаментінен сұраттық. Жолданған сандарды көріп, төбе шашымыз тік тұрды. Биыл облыста 991 адам ішімдік ішіп, көлік басқарыпты. Олардың басым бөлігі жүргізуші куәлігінен айрылған және 15 тәулікке қамауға алынған.
Байболат Култанов