Ауыл шаруашылығы

Дәстүрлі жәрмеңке

Петропавлда ауқымды ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Өңірдің түкпір-түкпірінен кәсіпорын өкілдері мен ауыл тұрғындары өз тауарларын әкелген. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сауда барысын байқап өтті. Көтерілген шатырлардың әрбірінде таңсәріден ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Дала суық болғанымен алаңға адамға лық толы. Айта кетейік, жәрмеңкедегі өнімдер нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан. Мәселен, 1-ші санаттағы жұмыртқаның ондығы 420 теңге тұрса, үйдің сары майы – 4 мың, ал ірімшіктің келісі 800 теңгеден сатылды.

– Жұмыртқа алуға келдім. Бағалары көңілімнен шықты. Сапасы да жақсы.
– Осында әке-шешемді алып келдім. Өте риза. Бәрі арзан. Бағалары бәрі жақсы. Май, ет алдық.
– Жұмыстан бірден келдім. Қазір балық алайын деп жатырмын.

Жәрмеңкеге Уәлиханов ауданының тұрғыны Жолдыбай Хасенов ет әкелген. Етке деген сұраныс жоғары дейді сатушы. Келгендеріне көп уақыт болмаса да барлық 3 тонна еттің тең жартысы сатылған.

ЖОЛДЫБАЙ ХАСЕНОВ, Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– 2 тонна қара мал, 1 тонна жылқы еті, 20 тонна жем-шөп әкелдік. Картоп 5 тонна әкелінді біздің ауданнан. Сауда жүріп жатыр. 2 бас қара мал, жарты жылқы сатылды. Орташа бағ – 2100. Қабырғалар – 1950, жылқының бағасы – 2700 теңге.

Жалпы, жәрмеңкеде 13 шатыр көтерілген. Жүре берсең іздегеніңнің бәрін табуға болады. Мұндай қайнаған жәрмеңке қала тұрғындарының көңілдерінен шығуда. Жұртшылықтың алдына қойылған өнімдердің барлығы ауылдан жеткізілген таза әрі табиғи. Аққайың ауданының азаматтары жәрмеңкеге 4 тоннадан астам қара мал етін әкелген.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– 20 бастан артық қой мен 4 бас жылқы етін әкелдік. Өздеріңіз білесіздер, тауық фабрикамыз бар, соның 6 тоннадан артық өнімін әкелдік. Картоп пен көкөніс бар 20 тоннадан артық. Сұраныс өте жақсы. Қара малдың еті жақсы өтіп жатыр. Әкелген тауарларымыздың барлығы өтіп жатыр.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Жылқының, қойдың және құс еті әкелінді. Жалпы, жәрмеңкеге мың тоннадан астам өнім әкелінді. Оның, 780 тоннасы жем-шөп. Мұндай жәрмеңке күзде ғана емес, әр сенбі сайын қаланың базарларында өткіземіз.

Облыс орталығында жыл басынан бері 114 жәрмеңке өткізілген.

 

Гульден Симбаева