Қазақстан жаңалықтары

1-ші сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді деп болжанып отыр

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов көрші елдермен тиісті келісімге келді. Ташкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 85-ші отырысы аясында талқылау болды.

Жиын барысында Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Сырдария және Әмудария өзендерінің бассейндеріндегі су қоймалары каскадтарының болжамды жұмыс тәртібі кестесі мен 2023-2024 жылғы вегетациялық кезеңде су алу лимиті көрсетілген хаттамаларға қол қойды. Осылайша, 1-ші сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді деп болжанып отыр. Ал “Достық” мемлекетаралық каналы бойынша 487 млн текше метр су алу күтіледі.

Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарында 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне қажетті су көлемін жинақтауға, сондай-ақ Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік береді.