Өңірімізге жұмыс сапарымен келген денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник халықпен кездесу өткізді. Алдымен жергілікті қауым атқамінердің баяндамасын тыңдады. Баяндама ауқымды. Спикер саланың әр бағытына тоқталып, елдегі және аққайыңдар өлкесіндегі мәселелерді, оң өзгерістерді жіпке тізді. Кейін залға жиналғандар сұрақ қою мүмкіндігін иеленді. Сауалдардың басым көпшілігі дәрі тапшылығына қатысты болды. Анастасия Делингевич жүйке ауруына шалдыққан ауылдасына қажет дәріні таппапты.
БОТАГӨЗ СЫЗДЫҚОВА, ҚР ДСМ дәрілік саясат департаменті директорының орынбасары:
– Біз бұған дейін бұл дәріні польшалық өндірушіден алып келдік. Өкінішке қарай, шетелдік импортаушымен байланыс үзілді. Енді осыған ұқсас ресейлік өнімді сатып алып жатырмыз. Дәрінің әсері жоғары. Бағасы да арзан. Дәрігерлерден сұрасаңыз болады.
Ал денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің жергілікті БАҚ өкілдерімен өткізген кездесуінде сан түрлі мәселе көтерілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығының солтүстіктің бөлігінде әлемдік стандарттарға сай келетін көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Бірақ, іс мәресіне жетпеді. Бүгінде жұмыс тоқтап тұр. Журналистер заманауи емдеу мекемесінің қашан тапсырылатынын білгісі келеді.
ВЯЧЕСЛАВ ДУДНИК, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– Құрылысты жалғастыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өту керек. Осылайша, құрылыс пен қондырғылардың құны анықталады. Осыдан кейін ғана үкіметтің арнайы комиссиясы істі қайта бастау немесе бастамау жөнінде шешім қабылдайды. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижесін өзіміз де асыға күтіп отырмыз. Мұндай аурухана әр өңірге керек. Түрік инвесторы мекемеге дәрігерлерді іріктеп алып, өз елінде оқытуды да жоспарлап отыр.
Келесі мәселе елді мекенге қатысты. Бүгінде Уәлиханов ауданында перзентхана жоқ. Тиісінше, жүкті әйелдер Кішкенекөлге жақын маңда орналасқан орталыққа немесе Петропавлға келіп, босануға мәжбүр. Қыстың аязы мен боранында бұл үлкен проблема екені белгілі.
ВЯЧЕСЛАВ ДУДНИК, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– Осы облыста туу көрсеткіші аса жоғары емес. Аудандарда жылына 50 сәби дүниеге келеді. Мұндай жағдайда біз баланың өмірге келуіне жәрдемесетін білікті мамандарды ауданға жібере алмаймыз. Жүктеме төмен. Мұны түсіну керек. Бір ғана шешім – аудандағы әйелдерді жылдам және қауіпсіз жағдайда орталыққа жеткізу. Яғни, ауруханаларға заманауи көлік берілгені жөн.
Вице-министрдің сөзін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов жалғады. Ол биыл Уәлиханов ауданына 3 бірдей заманауи жедел-жәрдем көлігі берілетінін айтты. Медициналық кадр тапшылығы – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Аққайыңдар өлкесіне 100-ден аса маман керек. Бұдан Вячеслав Дудник хабардар.
ВЯЧЕСЛАВ ДУДНИК, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– Жыл сайын медициналық кадрларды даярлауға 6 мың грант бөлінеді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 92 грант берілді. Өңірді таңдаған түлектерге әлеуметтік тұрғыда көмек те көрсетіледі. Яғни, алға жылжу бар. Бірақ, мәселе шешілер емес. Бұл жерде біз бір жылда маман даярлай алмайтынымызды түсінуіміз керек. Уақыт керек. Көш жүре келе түзеледі.
Баспасөз брифингі соңында Вячеслав Дудник жұртшылықты дәрігерлерге құрмет көрсетуге шақырды. Облыстық балалар ауруханасында болған соңғы жағдай министрлік өкілдерін қатты қапаландырыпты. Қазір Парламентте абзал жандардың статусы жөнінде заң қаралып жатыр екен. Құжатта мамандарға шабыл жасаған тұлғаны қатаң жауапкершілікке тарту көзделген.
Байболат Култанов