Жуырда Түркияда ерекше балалар арасында халықаралық спорттық дода өтті. Жүгіруден ұйымдастырылған жарысқа петропавлдық «Солнечный дом» қоғамдық қорының үш өкілі қатысты. Ұл-қыздар «Үміт» клубына мүшелік етеді. Олар бұл додаға біраз дайындалған екен. Ерен еңбектің арқасында 1-ші, 2-ші және 3-ші орындарды жеңіп алды. Жеңімпаздарды жақындары қарсы алды.
ТАТЬЯНА ШВЕЦ:
– Дода қиын болған жоқ. Маған жүгіруден жарысқа қатысқан ұнайды. Алдағы уақытта түрлі сайыстарға қатысып отырамын деген ойдамын.
Рустам Есімов 60 метрлік қашықтыққа жүгіруден 1-ші орын иеленді. Қыздар арасында сол аралыққа жүгірген Валерия Казацкая – 2-ші, ал Татьяна Швец 100 метрлікте 3-ші орынға тұрақтады. Жалпы, додаға 8 елден 200 бала қатысқан. Қазақстан құрамасы 15 спортшыдан тұрды. Жеңімпаз бала Рустамның әкесі Болат Есімов халықаралық жарысқа қазақстандық жеткіншектер бірінші рет қатысса да үздік нәтиже көрсете білді дейді.
БОЛАТ ЕСІМОВ:
– Өзге елдің балалары тыңғылықты дайындалып барған. Олардың мұндай жарысқа бірнеше рет қатысып жатқандықтары бірден байқалды. Дегенмен, балам Рустам өзгелеріне қарағанда шапшаң болып шықты. Ұлым бұл жарысқа наурыз айынан бастап дайындалды.
Енді спортшы балалар келесі жылдың наурыз айында Стамбул қаласында өтетін спорттық додаға қатысады.
Гульден Симбаева