СҚО әкімдігіСпорт

Облыс әкімі Азия ойындарына қатысушылармен кездесті

Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы спорттың 30 түрінен сынға түсті. Ал ойын қорытындысы бойынша ел спортшылары барлығы – 80 медаль жеңіп алды. Біздің қоржында 10 алтын, 22 күміс және 48 қола жүлде жинақталған. Қорытынды медальдық есепте Қазақстан құрамасы 11-орынға тұрақтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Азия ойындарына Солтүстік Қазақстан атынан 7 спортшы қатысты және жақсы нәтиже көрсете білді. Жалпы, біздің облыс – велоспорт жағынан көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Оның бірден-бір дәлелі – Александр Винокуров және оның жолын қуған Алексей Луценко. Азиада ойындарында бокстан жерлесіміз Наталья Богданова да қола медаль жеңіп алды. Басқа да спортшыларымыз ел намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсете білді. Енді, оларға Парижде өтетін Олимпиада ойындарында чемпион болуға тілектеспін.

Жиын барысында Азия ойыны жүлдегерлеріне құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйақымен марапатталды. Ел қоржынына 5-ші алтын медаль түсірген Алексей Луценкоға 1 жарым млн теңгенің сертификаты, Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болған Артем Захаров пен Наталья Богдановаға 750 мың теңге табысталды. Сонымен қатар, велошабандоз Алексей Луценко «Астана ПроТим» командасының атынан қолтаңба қойылған жейдені облыс әкімі Ғауез Торсанұлына сыйлады.

Велошабандоз Алексей Луценко жекелей сайыста 39,7 шақырымды 1-ші болып еңсеріп, алтын медальға ие болды. Осылайша, Алексей Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы атанды. Ал мына видеодан ерлер арасындағы топтық жарыста бақ сынаған Алексей әріптесі Евгений Федоровқа жол беріп, өзі мәре сызығын екінші болып кескен еді.

АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКО, Азия ойындарының чемпионы:

– Мәреге соңғы шақырымдар қалғанда Евгенийге жол беруді шештім. Себебі, ол – әлі жас әрі өте мықты спортшы. Өткен жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Екеуіміз бірге жаттығамыз. Дайындық барысында жеңіске деген құлшынысын көргенмін. Алтын медальға әбден лайық. Сол себепті де оған жол беріп, мәре сызығынан 2-ші болып өтуді шештім.

Сары құрлықтың басты бәсекесінде былғары қолғап шебері Наталья Богданова да бақ сынады. Жерлесіміз 66 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, қола медаль еншіледі.

НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, Азия ойындарының қола жүлдегері:

– Әр жекпе-жек кезінде уайым, қобалжу болды. Бірақ, жақсы нәтиже көрсете білдім. Азия ойындарының қола жүлдегері атандым. Менің спорттық мансабым енді басталып жатыр. Алда Олимпиадаға лицензия алып, сол ойындарда алтын медальға қол жэеткізуге барымды саламын.

Кездесуде тек чемпиондарға ғана емес, олардың жаттықтырушыларына да құрмет көрсетілді. Спортшылардың бапкерлеріне 500 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.

ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, Н.Богданованың жаттықтырушысы:

– Спортшылардың және бапкерлердің еңбегін бағалап жатқаныңызға көп рахмет. Алдымызда Олимпиада келе жатыр. Оған да барымызды салып дайындаламыз. Өңірде спортқа жақсы көңіл бөлініп жатыр.

Енді спортшылардың алдында тұрған басты міндет – 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсету. Айта кетейік, қазіргі уақытта еліміздің төрт спортшысы Париждегі Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия ала алды. Солардың бірі – Алексей Луценко.