Бүгін Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы жазғы оқу барысында алған білімдерін көрсетіп, сынақ тапсырмақ. Қоғам тыныштығын күзететін әскерилер 8 күн бойы саптық, дене шынықтыру, мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша сыналатын болады.
МАҚСАТ МҰҚАЕВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
– Қорытынды тексерісті біз жылына 2 рет өткіземіз. Әрине, қиындықтар кездеседі. Жаңадан келген әскери қызметкерлер жарты жылда алған білімдерін осы қорытынды тексерісте көрсетеді. Біз дайынбыз. Жеке құрам өте жақсы деген бағаға тапсыруға дайын.
2-ші қарашаға дейін созылатын шараның алғашқы күнінде әскерилер саптық дайындықтарын көрсетеді. 1 жылға жуық уақыт ішінде үйренген ұсақ-түйек ережелердің барлығы сұралады. Комиссия құрамы Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығының 9 адамынан тұрады.
ЕРҚАНАТ ШЕРКЕНОВ, “Орталық” ӨҢҚ штаб бастығының орынбасары-жедел басқарма бастығы:
– Жыл сайын қазан айында әскери бөлімдегілер жазғы оқу кезінде алған білімдерін іс жүзінде паш етеді. Бүгін ең қарапайым сынақтар тапсырылса, алдағы уақытта Макаров пистолетімен жұмыс істеп, автоматтан оқ атады. Қару-жарақты шашып-жинап, белтемірге тартылып, жүгіру сияқты кезеңдерден өтеді. Негізі, осы айтылған сынақтың ешбірі әскери адам үшін қиындық тудырмауы тиіс.
Қызылорда облысындағы Арал ауданының тумасы Нұрсұлтан Арубекұлы жүктелген міндетті атқаруға дайын тұр. Тепсе темір үзер Отан алдындағы келісім шарт аясындағы қызметін 2 айдан кейін аяқтайды екен.
НҰРСҰЛТАН АРУБЕКҰЛЫ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі:
– Біз осы бірінші алты айымызда жазғы қорытынды сынақ тапсырып жатырмыз. Командирлеріміздің үйреткендерін көрсетпекпіз. Қазір саптық дайындықты көрсетіп жатырмыз, одан кейін саптық жүрісті осы алаңда көрсететін боламыз. Біз 1 апта бойы қорытынды тест тапсырып болғаннан кейін, 2 айдан кейін үйіме қайтамын.
Сынақтан өте алмаған қызметкерлерге 1 айдан кейін қайта тапсыруға 2-ші мүмкіндік беріледі. Әскерилер оны да еңсере алмаса, қызметімен қоштасады.