Балалар

Жастарға есірткінің зияны туралы айтылды

Прокурорлар Жоғары құрылыс және экономика колледжінің студенттерімен кездесті. Қадағалау органының өкілдері болашақ мамандарға есірткімен байланысудың зияны мен салдару туралы айтты, сұрақтарына жауап берді. Прокурорлардың айтуынша соңғы жылдары тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыс саны айтарлықтай өскен.

Дәріс барысында студенттерге синтетикалық заттардың жас ағзаны қалай улайтыны туралы әлеуметтік бейнеролик көрсетілді. Прокуратура органдары мен өскелең ұрпақ арасындағы осындай кездесулер жиі өткізіліп тұрады.

МАРАТ АЮПОВ, СҚО прокуратурасы басқармасының бастығы:

– Аталған іс-шаралар облыс көлемінде және Петропавл қаласында кәмелетке толмағандарды есірткі және синтетикалық заттармен күресу жөнінде ескерту мақсатында өткізілуде.

Нашақорлық – қоғам дерті. Талай жанның тағдырын талқан ететін қауіп туралы тереңірек ұғынған жас буын ойларымен бөлісті.

БАҚТИЯР ИСЛЯМОВ, студент:

– Қазіргі кезде интернетте зиянды заттарға қатысты жарнамалар жарияланады. Сол сілтеме арқылы өтсеңіз, сізге ақша беріледі деп шығады. Жұмыс өте оңай деп айтылады. Ондайдан аулақ болып, сенбеген жөн.

Прокуратура өкілдері атап өткендей, есірткі қолданып, оны тарататындардың жасы жыл өткен сайын жасарып барады. Сол себепті, қазір нашақорлықпен күрес амалдарының бірі – қауіптің алдын алу, түсіндіру шараларын жүргізу.