Петропавлда Республика күніне орай полицейлердің қатысуымен концерттік шара ұйымдастырылды. Салтанатты шарада 30-ға жуық маман мен ардагер марапатталды.
Облыстық ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов тәртіп сақшыларының қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі зор еңбегін атап өтті.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– Полицейлердің тынымсыз еңбегінің арқасында өңірдегі криминогендік жағдай тұрақты. Халыққа қызмет ету – жүрекпен атқарылатын жұмыс. Тұрғындардың бізге деген сенімін жоғалтып алмау керек. Осы ретте әрдайым мәселелерін уақытында қарастырып отыру қажет. Біздің мақсатымыз – халықтың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Салтанатты жиында 4 маман «Қазақстан полициясына-30 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды. Тағы төртеуіне “ІІ дәрежелі ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісі табыс етілді. 4 қызметкердің шені мерзімінен бұрын жоғарылады, соның 3-еуі подполковник атанды.
Ақжар аудандық ПБ аға крминалисі Мереке Жетібаев облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Білікті маман 16 жыл бойы бір жерде нәтижелі жұмыс істеп келеді.
МЕРЕКЕ ЖЕТІБАЕВ, Ақжар ауданының ПБ аға криминалисі:
– Криминалистердің өз жоспарлары болады қылмысты ашу үшін. Қиындығы жоқ. Бәріне үйрендік. Туысым криминалист болып істеген, содан осы мамандыққа түстім.
Жалпы, өңірде 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істейді. Оның 700-ден астамы Петропавл қаласында өз міндеттерін атқаруда.