Облыстық әкімдік қабырғасында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен кезекті отырыс өтті. Бұл жолғы жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Өңір жетекшісі қатысушы жандарға өзінің орынбасары Қанат Дүзелбаевты таныстырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қанат Малғаждарұлы 1974 жылы Торғай облысында туған. Осы тағайындауға дейін Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Таныстырудан кейін 3 мәселе күн тәртібіне шығарылды. Алғашқысы – өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы. Облыс әкімі экономика басқармасының басшысын мінберге шақырды.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
– 9 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 96,3 пайызды құрады.
Қуанышбек Қалижанов сандарды жіпке тізді. Бір салада өсім байқалса, екіншісінде түсім байқалады. Теріс динамика аграрлы өңірдің ауыл шаруашылығы секторында да анықталып отыр. Астықтың жайы белгілі. Жаздағы аптап ыстық пен күздегі толассыз жаңбыр алқаптардан көл-көсір өнім жинатпады. Бұған түсіністікпен қарау қажет. Ал Мамлют, Есіл, Мүсірепов, Жұмабаев, Тимирязев және Шал ақын аудандарында ет пен сүт өндірісінің не себепті төмендегенін анықтаған жөн. Жұмыртқаға келсек, Қызылжар мен Тайынша жоспардан аспақ түгілі, белгіленген межеге де шыға алмаған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мен мемлекеттiк жердi пайдаланатын және қазынадан тиісті көлемде қаржылай қолдау алатын кәсiпорындар ауыл шаруашылығы өндiрiсiн төмендетпеуі қажет деп санаймын. Ал бізде жағдай керісінше. Жұмыс істеп тұрған құрылымдар жоспарды орындай алмайды. Кейбір кәсіпкерлер әлі де мал ұстауға құлықсыз. Аудан әкімдері 2023 жылдың соңына дейін ет, сүт және жұмыртқа өндірісі бойынша көрсеткішті арттыруы керек.
Облыс әкімі тапсырма беріп қана қойған жоқ. Отырысқа онлайн режимде қатысқан әр аудан басшысынан жағдайды түсіндіруді талап етті. Экранның ар жағындағы атқамінерлер әртүрлі жауап қайырды. Бірі есеп беру кезінде есепшінің оңбай қателескенін алға тартты. Қаузалған келесі сала – инвестиция тарту. Қаңтар-қыркүйек аралығында өңірге 300 млрд теңгеге жуық қаржы құйылған. Өкінішке қарай, жоспар тағы да Мүсірепов пен Аққайыңда орындалмапты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз Ұлттық экономика министрлігінің жоспарына сай 496,5 млрд теңге инвестиция тартуымыз керек. 9 айдың қорытындысы бойынша жоспар 60 пайызға ғана орындалған. Осы 3 айда тағы 200 млрд құйылуы қажет. Бұл жұмысты жандандыруды тапсырамын. Біздің білуімізше, бүгінде барлық әкімдікте облыс әкімінің тапсырмалары орындалмайды.
Өзге де саладағы жетістіктер мен кемшіліктер айтылғасын, отырыс қатысушылары екінші мәселеге көшті. Бюджеттің кірісі мен шығысы. Мінберге өңірдің бас салықшысы Төлеген Қабдөшев шықты. Бұл баяндама да сандардан тұрды. Ішіндегі елең еткізгені жұмысшыларға төленетін жалақы көлемі болды. Қазір аймақтағы кейбір басшылар қарамағындағы мамандарға 35 мың теңгеден айлық төлейді екен.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Это что за заработная плата? Достойная нашего гражданина СКО? Сегодня не позволительно с этим считаться, мириться. Разберитесь.
Отырыста қаралған үшінші мәселе – үздіксіз электрмен қамтамасыз ету. Бұл саладағы кемшіліктер жаға ұстатады. Біріншіден, жұмысшы жоқтың қасы. Екіншіден, құрал-жабдықтар әбден тозған.
ВЛАДИСЛАВ ЛУКИН, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Солтүстік Қазақстан Электр Желісін Тарату Компаниясы» 13 мың шақырымды құрайтын желіге және 2353 бірлік қосалқы станцияға иелік етеді. Негізгі құрал-жабдықтардың орташа тозуы 95% құрайды. Бүгінгі таңда ең қауіпті аймақтар анықталған. 19 ауыл мен 2 шағын қалада тозу деңгейі 136% жетіп отыр.
Өзекті мәселе бір күнде шешілмесі анық. Проблеманы біржақты ету үшін қыруар қаражат керек. Бұл ретте инвестиция мен мемлекет қаржысына арқа сүйеуден басқа амал жоқ. Облыс әкімі мәселе тыңғылықты қарауды қажет ететінін айта келе, жауапты тұлғаларға желілер мен станцияларда орын алатын апаттарды дереу арада жоюды тапсырды.
Байболат Култанов