Қоғам

Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады

Республика күніне орай облыстық мәслихат қабырғасында тәлімгерлер кеңесі өтті. Онда 4 жас мемлекеттік қызметші ант қабылдады. Жас мамандар сапқа тізіліп, заңның ала жібін аттамауға, азаматтардың құқықтарын сақтауға және адал еңбек етуге ант етті. Солардың бірі – Тайынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Мұхаметғалиева. «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Нәзікжанды осы ұстанымды негізге алған.

АЙГҮЛ МҰХАМЕТҒАЛИЕВА, Тайынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Мемлекеттік қызметке ресми түрде қабылданған әр азамат бірінші кезекте өз қызметіне деген адалдығын айқындау үшін ел алдында ант қабылдайды. Соған сай, бүгін мен де жұртшылық алдында ант бердім. Байқасаңыз, мемлекеттік қызметте сапалы қызмет көрсету үшін көзің ашық, көкірегің ояу болуы шарт, білім керек. Басты мақсат – халықтың оң бағасын алып, елге адал қызмет ету.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бас маман болып орналасқан Руслан Байтұяқов мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі зор дейді. Жас мамандар мемлекеттік қызметші атанбас бұрын арнайы сынақтан өтеді.

РУСЛАН БАЙТҰЯҚОВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы:

– Мемлекеттік қызмет – жүгі мол, үнемі дамуды қажет ететін жұмыс. Бұған дейін тәлімгерлермен жұмыс істедік, олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, негізгі қағидаларды түсіндірді. Қазіргі уақытта жұмыстың бүкіл қыр-сырын танып, үйреніп жатырмыз. Көп ұзамай өз ісіміздің маманы болып, толықтай машықтанып кететінімізге сенімдімін.

Қазіргі уақытта өңірде 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Оның дені – жастар.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мемлекеттік қызметшілерге кеңес мүшелерімен ұсыныстар беріледі. Біріншіден, заң сақтау, мемелекеттік қызмет туралы заңнаманы сақтау бойынша ұсыныстар беріледі.

Қатарға жас мамандар қабылданып жатқанымен салада кадр тапшылығы әлі де бар.
Бүгінде жергілікті атқару органдарында 200-ден астам бос орын бар. Мамандар
ауылды жерлерде жетіспейді.

 

Гульден Симбаева