Республика күні қарсаңында облыстық полиция департаментінің музейінде ерлік сабағы өткізілді. Онда бірқатар жас маман қызметтік куәлік пен шендерін алды. Құрметке бөленгендер: патрульдік және ювеналдық полицейлер, учаскелік инспекторлар, анықтаушылар, тергеушілер, жедел уәкілдер мен криминалистер.
ҚУАНЫШ ШАЯХМЕТОВ, қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы:
– Ішкі істер органдарында 2021 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатырмын. Учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеймін. Бүгін музей қабырғасында арнайы шенімді алып жатырмын. Енді полиция аға лейтенантымын.
Сонымен қатар, ерлік сабағында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан учаскелік инспектор Алексей Щербаков жайлы айтылды. Майор 90-шы жылдың 2-ші тамызында Петропавлдағы Жұмысшы кентінің Урожайная көшесіндегі отбасылық жанжалға барады. Сол жерде бұрын сотты болған қылмыскердің қолынан ұстарамен көптеген жарақат алады. Араға 80 күн салып өмірден өтеді. Жиналғандар офицерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
СӘУЛЕ АНДАҒҰЛОВА, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– Бүгін жас буынға арнайы шендер мен қызметтік куәліктер табыс еттік. Алғашқы атақты алу – олар үшін ерекше қуаныш. Өзімнің ішкі істер органдарында лейтенант атанғаныма биыл 31 жыл толып отыр. Осындай қуанышты бірге бөлісу үшін бүгінгі кездесуге жас қызметкердің ата-аналарын шақырттық.
Бұл жиынға сала ардагерлері де қатысты. Олар жас мамандарға сәттілік тілей отыра жауапты қызметті адал болуға шақырды.