Қоғам

Шаһарда “Әйелдердің қоғамдағы рөлі” тақырыбында семинар өтті

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Бүгінде бұл сөздің қадірі одан бетер артып келеді. Басшылық қызметте, тіптен Мәжіліс пен Сенатта отырғандардың 20-30%-ы – нәзікжандылар. Осыған қарап қыз-келіншектер бәсекеге қабілетті екеніне көз жеткіземіз. Бүгін облыс орталығында осы тақырып төңірегінде семинар өтті. Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебінің жетекшісі Гүлбақша Мұсабаева жиналған қауымға дәріс оқыды.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚО әйелдер күштері альянсы “Әйелдердің саяси көшбасшылық” мектебінің жетекшісі:

– Біздің табиғи міндетіміз – дүниеге бала әкелу, оны өсіру. Бірақ, қазіргі таңда біздің саяси тұлға ретінде, кәсіпкер ретінде дамуымызға мүмкіндіктер бар. Әйел деген үлкен жұмысқа кіріскенде біріншіден ана ретінде әлеуметтік мәселелерді шешуге ұмтылады. Көбіне әйел неге өспей қалады? Себебі, біздің қоғамда мемлекеттік билікте әркез ер адамдар жүрген. Олар қоғам мен мемлекеттің тағыдырына байланысты шешімдер қабылдайды. Мұндай жұмысты әйелдер де атқара алады. Тренингте осыны қарастырамыз.

Тәжірибелі маманның тренингіне Кәмила Сүлейменова есімді жерлесіміз де қатысып отыр. Ол әйелдің қоғамдағы рөлі орасан зор дейді. Нәзікжанды әйел білек сыбана кіріскен істің аяқсыз қалуы да мүмкін емес деген пікірде.

КӘМИЛА СҮЛЕЙМЕНОВА, қала тұрғыны:

– Әйел адам өз мойнына өте үлкен жүк алады. Ол жұмыс істейді. Бала-шағасын бағады. Өзінің ойындағы дүниелерді жүзеге асырады. Қоғамдағы әйелдің рөлі тек отбасымен шектелмеу керек. Ол өз қызығушылықтарымен айналысып, дамуы керек. Болашақта өзімді табысты, есімі танымал әйел ретінде көремін. Сол себепті, осы семинарға қатысып отырмын.

Гүлбақша Мұсабаева бұған дейін мұндай 6 семинар өткізген. Нәзікжандының өмірлік тәжірибесімен тек қала ғана емес, аудандардағы қыз-келіншектер де танысқан.

 

Алдияр Айтпаев