Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Академиялық адалдық” апталығы өтті. Тоқсандық жиынтық бағалаулар қарсаңында ұйымдастырылған шарада мектеп оқушыларына академиялық адалдықтың, білім берудегі жоғары стандарттарды сақтаудың маңыздылығы туралы айтылды.
ГҮЛМИРА САТАНОВА, Химия-биология бағытындағы НЗМ директорының орынбасары:
– Бұл апталықтың барысында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – эссе жазу байқауы. Оқушылар GPT чатты қолдану арқылы жасанды интеллект туралы өз ойларын білдіріп жарысты. Одан кейін академиялық адалдықты насихаттауға бағытталған бейнероликтер мен плакаттар байқауы да өткізілді. Балалардың білім берудегі адал тәжірибені сақтаудың маңыздылығы туралы жазған шығармашылық жобалары дәстүрлі түрде салтанатты жиын барысында аталып өтіліп, балаларға алғыс хаттары табыс етілді.
Бұл жиында оқушыларға академиялық адалдықты сақтамаудың салдары түсіндіріліп, осы саясаттың жергілікті университетте қалай жүзеге асырылып жатқандығы туралы айтылды.
ҚАРЛЫҒАШ ЕСЕКЕНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Саналы ұрпақ” жобалық кеңсесінің өкілі:
– Бұл шараның мақсаты – патриоттарды тәрбиелеу. Өйткені, бала университетте өз білімінің күшімен емес көшіру арқылы баға алатын болса, одан болашақта сапалы кадр шықпайды. Біздің жасап жатқан шараларымыз кәсіби мамандарды даярлауға көмектеседі.
Алда оқушылар тоқсандық жиынтық бағалау тестілерін тапсырады. Ұстаздар олардың тапсырманы өз біліміне ғана сүйеніп орындайтынына сенімді.