Бүгін – қаһарман құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Осыған орай облыс орталығында салтанатты шара өтті. Тілсіз жаумен алысатын азаматтар Оқушылар сарайында бас қосты.
ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:
– Адамдардың игілігі – оларға қызмет ету, құтқару. СҚО құтқарушылары тәулік бойы халықтың қауіпсіздігін қорғауда. Жыл сайын олар 3 мыңнан астам жедел шығу ұйымдастырады. 2 мыңға тарта адамды құтқарады. 100-ге жуық зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
Тәртіп, батылдық, мінез. Осы қасиеттердің барлығы да бір ғана құтқарушының бойынан табылады. Азаматтардың еңбегі ерен. Мереке күні олардың ел игілігі үшін жасаған әрбір ісі тілге тиек етілді. Бейбіт күннің батырларына айналған жандар марапатқа да ие болды:
Бұл күні көпшіліктің қошеметіне Ақжар аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Қуаныш Жатаев ие болды. Азамат жүгі мол жұмысқа өмірінің 13 жылын арнаған. Еңбегі үшін оған төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хаты берілді.
ҚУАНЫШ ЖАТАЕВ, Ақжар аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
– Өрт ол – тілсіз жау. Қашан, қайда болатынын білу мүмкін емес. Алдымыздан не күтіп тұрғанын білмейміз. Бұл жалғыз менің ғана емес, бөлімнің ортақ марапаты. Өте қуаныштымын.
Гүлжан Зікрина облыстық департаментте қызметкерлердің құжаттарымен жұмыс істейді. Шақыртуға шықпаса да жерлесіміздің шаруасы шаш-етектен. Азаматшаға Ерік Сарыбаев министрліктің грамотасын табыс етті.
ГҮЛЖАН ЗІКРИНА, СҚО ТЖД бас инспекторы:
– Еш өкінбеймін. Керісінше өте қуаныштымын. Осындай ержүрек, адал, еңбекқор бүгінгі күннің батырлары арасында жұмыс істеп жүргеніме. Барша құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын.
Жалпы, қазір өңірде 30-ға тарта өрт сөндіру бөлімі бар. Мекемелерде 700-ден астам құтқарушы тер төгеді.
Алдияр Айтпаев