Облыстың автомобиль жолдарының желісі 9 мыңға жуық шақырымды құрайды, оның ішінде 2 мыңы шақырымы – республикалық, 1 983 км-і – облыстық, 5 043 км-і – аудандық маңызы бар жолдар. Жалпы, 2023-2024 жылдарын облыс жолдарын қалыпта ұстауға бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді. Соның 400 млн теңгесі алдағы қыс мезгілінде қардан тазалауға бағытталған. Тас жолдар мен көшелерді қардан тазартуға 13 аудан бойынша 6 ұйым жұмылдырылмақ.
МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– Бұдан бөлек қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстауға 220 ауыл шаруашылық құрылым қатысады. Жалпы, алдағы қыста жолдарды күтіп ұстауға 142 техника мен 278 маман жұмылдырылмақ. Техниканың барлығы да жазғы уақытта жөндеуден өтіп, бүгінде қысқа дайын тұр. Бұдан бөлек басқарма балансында 2 шнекоротор бар. Бұл көлікпен қар басқан уческелерге еш қиындықсыз жетіп, қозғалысты қайта реттеуге болады.
Жергілікті маңызы бар автожолдар желісі 7 мың шақырымды құрайды. Соның 863-і жылда қар құрсауында қалады және 266 учаске тұрақты бақылауға алынған. Қазіргі таңда аудандар мен жауапты мекемелер жол жиегіндегі бұталарды кесу, шөптерді шабу, су өткізетін құбырларды қоқыстан тазарту жұмыстарын іске асырып жатыр. Дегенмен, Ақжар және Есіл аудандарында жұмыс салғырт жүргізілген. Өңір жетекшісі аудан әкімдеріне осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Петропавл қаласы және аудан әкімдеріне қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстауға жауапты маманды бекітуге тапсырамын. Сонымен қатар, дайындықты да тиісті деңгейде жүргізу керек екенін естеріңізге саламын. Ертең тұрғындар қар құрсауында қалып, қозғалыс шектетіліп жүрмесін. Бұдан бөлек көшелер мен жолдарды қардан тазарту, қарды шығару жұмыстарын іске асыратын ұйымдарды дұрыстап таңданыздар. Тұрғындардан шағым түссе аудан әкімдері жауапқа тартылады.
Мұнымен қоса әр ауданда жылыту пункттері ашылып, халықты қабылдауға дайындалып жатыр. Бүгінгі күні облыс бойынша олардың саны 347-ні құрап отыр. Әкімдік отырысында қаралған келесі мәселе – тұрғын үй құрылысы. Өңірде 49 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Соның 25-і биыл қолданысқа берілмек. Көп қабатты үйдің 2-еуі Ғ.Мүсірепов және М.Жұмабаев аудандарында салынып жатыр. Петропавл қаласында құрылыс жұмыстары «Жас өркен», «Береке», «Орталық» және «Қапай» шағын аудандарында қарқын алған.
ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
– «Қапай» шағын ауданында құрылыс алаңы 44,6 га құрайды. Мұнда 2871 пәтерлі 27 тұрғын үй бой көтермек. Қазіргі таңда соның 7-еуінде жұмыстар жүргізілген. Коммерциялық тұрғын үйлердің де құрылысы қыза түсті. Бүгінде 1924 пәтерлі 29 үй салынып жатыр. Жыл басынан 10 үй пайдалануға берілсе, жылдың соңына дейін 7 үй тапсырылады.
Өңір жетекшісі ведомство басшысына және қала әкіміне тұрғын үй құрылысын кешеуілдетпеуге және жауапты мердігер компаниялар өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқармаса оларға қатысты шараны бірден қолдануға тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
– Бір жылдан бері облыс басшылығы жосықсыз мердігерлермен шарттарды бұзып, олардың орнына жауапты құрылыс компанияларын конкурс арқылы анықтау бойынша жұмысты қарқынды түрде жүргізді. Мердігерлермен кездесулер ұйымдастырылды. Осының арқасында бірнеше нысанда құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру қажет.
Коммерциялық тұрғын үй құрылысын ынталандыру құралдарының бірі – апатты немесе тозығы жеткен деп танылған үйлерді бұзу арқылы тұрғын үй қорын қайта құруға бағытталған «Жаңа қала» бағдарламасы болып табылады. Биыл бағдарлама аясында 2 үй салынып жатыр. Мұнымен қоса, Петропавл қаласы бойынша 270 га алаңда жеке тұрғын үй құрылысына «Солнечный» және «Оңтүстік» шағын аудандарында 2567 жер учаскесін беру жоспарланған.