Қоғам

18 қазан – Рухани келісім күні

18-ші қазан – Рухани келісім күні! Осыған орай облыстық кітапханада дөңгелек үстел жиыны өтті. Шараға жергілікті діни бірлестіктердің көшбасшылары қатысты. Қаузалған тақырып – айрандай ұйыған қазақ еліндегі қоғамдық тұрақтылықты әрмен қарай сақтау. Сөз алғандардың барлығы бұл тұрғыда түртіп аларлық ой білдірді.

РИНАТ КЕРІМЖАНОВ, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы:

– Бейбітшілік бойынша арнайы хадисіміз де бар. Онда мұсылман баласы ешкімге зиян келтірмеу керектігі айтылады. Біз тұрақтылықты барынша сақтауымыз керек.

Қазір саясат күнде құбылады. Мұндай сәтте сауысқандай сақ болған абзал. Көрегендік қасиет те маңызды рөл атқарады. Баға жетпес байлық – рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлігіміз қашан да берік болса, шаңырақ шайқалмайды. Өкінішке қарай, әлемдегі бүгінгі жағдай көңіл-күйді түсіреді.

МИХАИЛ БЕРЕЗИН, Мефодий храмының дін қызметкері:

– Бүгінгі таңда бірліктен артық құндылық жоқ. Елдегі ауызбіршілікті одан әрі сақтауымыз керек. Осы ретте ұлтқа, дінге, тілге немесе түрге бөлінуге болмайды. Мұны әрқашан да айтып жүреміз.

Жиынға бір топ жас қатысты. Оларға үлкендер жағы рухани келісімнің мән-мағынасын түсіндіріп, әр уақытта жұдырықша жұмылуға шақырды.

 

Байболат Култанов