МТРА жаңалықтарыҚоғам

Жас футболшының өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

Қыршыннан қиылған жастың өліміне қатысты медициналық сараптама тағайындалды. Іс сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жазатайым оқиғаның неден болғаны белгісіз. Доп теуіп, көгалға құлап, қайтыс болған жас небәрі 18-де. Бұл жайттың жай-жапсары тергеу мен зерттеу жұмыстарынан кейін белгілі болады деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Нұрбек Баекин, СҚО ПД баспасөз қызметінің қызметкері:

– 16 қазан күні кешкі сағат 8 шамасында Петропавл қаласының полиция басқармасының 102 пультіне медициналық мекеменің қабылдау бөлімінде 18 жастағы қала тұрғыны қайтыс болды деген хабарлама келіп түсті. Жас жігітті Жамбыл мен Чайковский көшелерінің қиылысында орналасқан футбол алаңынан дәрігерлердің алып кеткені анықталды. Футбол ойыны кезінде қала тұрғыны өзін жайсыз сезініп, көгалға құлаған. Аталған факті ҚР ҚК 001-ші бабы “Адамның қайтыс болуы” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Істің барлық мән-жайын зерделеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.