Қоғам

Петропавлда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

Әдеп жөніндегі кеңесте Ақжар ауданындағы тұрғын үй-коммуналдық шарушалығы бөлімі басшысына қатысты мәселе қаралды. Арыстан Әбілдинов мемлекеттік қызметке қайшы әрекет жасаған.

ДИНАРА ҚОНТАЕВА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Ақжар ауданындағы Құлыкөлде салынған үйді жауапты тұлға қабылдап алған. Бірақ, нысан техникалық тұрғыда стандарттарға сәйкес келмеді. Құжатта үйдің көлемі 46 шаршы метр деп көрсетілген. Бірақ, іс жүзінде небәрі 33,5 шаршы метрді құрады. Сондай-ақ, тұрғын үй қоспәтерлі болуы керек еді. Бүгінгі күні ТҮКШ бөлімі 17 млн 935 мың теңге сомасында тұрғын үй сатып алу төлемін жүргізіп қойды.

Бұл қызметке азамат 2020-шы жылдың қыркүйек айында келген. Бұған дейін де Арыстан Әбілдинов өз жұмысын тиісті деңгейде орындамағаны үшін қыркүйек айында тәртіптік жазаға тартылған. Араға екі ай салып жағдай қайталанып отыр. Мемлекеттік қызметші өз қателігін мойындамай отыр. Өз құқығын сотта қорғауға ниетті.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы:

– Бұл мәселеге қатысты алып-қосарларыңыз болмаса, шешім шығаруды ұсынамын. Бұл проблеманы шешудің бір ғана жолы бар. Ол азаматты қызметінен босату. Дауыс берулерңізді сұраймын.

Арыстан Әбілдинов жұмысынан босату туралы ұсынымды әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.

 

Алдияр Айтпаев