Елімізде, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Статистикаға көз жүгіртсек, қаңтар-қыркүйек аралығында өңірімізде 2 бірдей кәмелетке толмаған бала өмірімен қоштасқан. Ал о дүниеге оқталу фактісі 10 мәрте тіркелген. Мұның алдын алу керек. Сол үшін психикалық денсаулық орталығында кезекті жиын ұйымдастырылды.
ИРИНА ЯКИМОВА, облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы:
– Біз өмірден түңілген жандарға алғашқы көмек көрсету орталықтарымен, аудандық және қалалық емханалармен тығыз байланыста болу керекпіз. Сол себепті, жалпы тәжірибе дәрігерлерін, психолог, психиатр және неврологтарды өзімізге шақырдық. Мәселе өзекті. Жылдан жылға өзектілігі артып барады десем де болады. Онымен кешенді түрде күресу керек.
Иә, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірімен ауқымды түрде күресу қажет. Сонда ғана нәтиже болады. Бұл ретте әр маман өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Яғни, балалардың жас ерекшеліктеріне, отбасылық жағдайларына байланысты жұмыс жүргізгені абзал.
РАВИЛЬ ГАРИФЗЯНОВ, облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы:
– Біз қандай да бір қиын жағдайда балалардың бойында жақындарынан көмек сұрай алу дағдысын қалыптастыруымыз керек. Күйзеліс – суицидке әкелетін тағы бір фактор. Мұнымен қалай күресеміз? Бәріміздің міндетіміз – ұл-қыздарды шыдамды болуға, мәселені шешуге үйрету. Міне, осындай әдіс-тәсілдерді көбірек қолданған жөн.
Спикерлердің сөзінше, өмірден түңілген жандар облыстық психикалық денсаулық орталығына хабараласа алады. Мұндағы мамандар көмек қолын созуға әзір. Қоса кетейік, жүгінген адам жайлы дерек еш жерде жарияланбайды және ол есепке алынбайды.
Байболат Култанов