Өңір жастарына айтар жағымды жаңалығымыз бар. Облыста “Zhas Project” әлеуметтік жобасы іске асырыла бастайды. Тың бастама 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген жандарға арналған. Талап бойынша бұл санаттағы азаматтар өз әлеуметтік жобасын таныстыру арқылы мемлекеттен 1 млн теңге көлемінде сыйақы алады. Қаражат кәсіп ашуға көмек болмақ.
АНАРА БІТЕБАЕВА, “Қазақстанның даму ассоциациясы” ЗТБ атқарушы директоры:
– Өткен жылы “Zhas Project” жобасы пилоттық режимде кейбір облыстарда ғана жүзеге асырылды. Биыл ауқымы еліміздің барлық аймақтарына тарап отыр. Биылға 280 грант бөлінді. 1 грант – бұл 1 млн теңге. Өтінімдерді қабылдау қазанның 9-шы жұлдызынан басталды. Біз сайт құрдық. Барлық талаптар мен ұсыныстар сол сайтта бар. Өтінім беру үшін өтініш тастап, барлық құжаттарды бекіту қажет. 22-сі күні өтінімдерді қабылдау науқаны аяқталады.
Бірінші кезекте өтінімдер қаралады. Кейін арнайы комиссияның отырысы өтеді. Онда жобалар таңдалып алынады. Жеңу мүмкіндігі жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселені шеше алатын жұмыстарда жоғары. 1 млн теңгенің гранты азаматтарға 2 ай ішінде беріледі. Жалпы, биыл 280 жоба қаржыландырылмақ. Айта кетейік, жеңімпаздарға грант қана беріліп қоймайды. Олар арнайы оқытудан да өту мүмкіндігін алады. Кейін өз жобаларын жүзеге асыруға кіріседі.
ШЫҢҒЫСХАН ҚОЖАХМЕТОВ, жоба жетекшісі:
– Жастардың дайын жобалары болса, бірақ оны қалай іске асыру керектігін білмей, түсініспеушілік орын алса, олар кеңес ала алады. “Facebook”, “Instagram” желісінде “Qaz damu” деген парақшамыз бар. Онда байланыс нөмірлері көрсетілген. SМS хабарламаларға да жауап беріледі.
Жоғарыда айтылғандай, биыл ел бойынша 280 грант бөлініп отыр. Оның 8-і СҚО жастарына арналған.
Алдияр Айтпаев