Облыстық мәслихат қабырғасында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиынның күн тәртібіне 3 мәселе шығарылды. Алдымен қатысушы қауым қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкантты тыңдады. Ол өңір бюджетіндегі өзгерістерге қатысты баяндама жасады.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасына бағытталған қаржы 24,7 млн теңгеге қысқарды. Бұл жерде мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша үнемдеу орын алды. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына «Жұлын жарығы» диагнозы қойылған балаларды бір реттік катетермен қамтамасыз етуге бөлінген 6,7 млн теңге кері қайтарылды.
Ақжар, Тайынша және Қызылжар аудандарынан ақшаны кері қайтаруға себеп – ем алушы балалар санының аз болуы. Есесіне бұл бағыттағы қаражат Петропавлда өскен. Денсаулық сақтау және спорт секторында материалдық-техниканы жаңғырту, тәртіп сақшыларына тұрғын үй төлемін жасау, жолаушы тасымалын субсидиялау, халықты сумен қамту. Аталған салаларда да қаржыны ұлғайту қажет. Кеңес мүшелері бірнеше тұсқа көңіл толмайтынын айта келе, Наталья Дышкант ұсынған өзгерістерді құптады. Бүгінгі басқосуда қаралған тағы бір мәселе – мүгедек адамдардың мемлекеттік нысандарға емін-еркін кіріп шығуы.
ТАТЬЯНА БЕРЕСКАЯ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
– Биыл біздің бақылау тобы жоспарланған мекемелерге 243 рет барды. Нәтижесінде кемшіліктерді түзеу бойынша 217 ұсыныс жасалды. Жиі кездесетін бұзушылықтар – пандустың жоқтығы, тактильді бағыттағыштардың аздығы, дәретхана мен автотұрақтардың талапқа сай келмеуі.
Биыл бейінді басқарма 155 мекемені тексеру тиіс. 1 қазандағы жағдай бойынша 83 нысанда оң өзгеріс орын алыпты. Кеңес мүшелері бұл бағыттағы жұмысқа қарқын қосуды ұсынды.
Байболат Култанов