Қоғам

Колледж студенттері аналар үйіне барды

Талайға пана болған Жұмысшы кентіндегі аналар үйі. Қазір мұнда 5 келіншек әйел бақытын тауып, бала тәрбиелеп отыр. Өкінішке қарай, ұл-қыздар арқасүйер әке жылуынсыз өсуде. Оған себеп жауапкершіліктің жоқтығы. Бүгін өмірдің қиын жағдайына тап болған нәзікжандылармен колледж қыздары кездесті.

Әрине, жақсы сөз, жарым ырыс дейміз ғой. Бірақ, бойжеткен қыздардың бастарына дәл осындай іс түссе, олар қайда барып паналауға болатынын білулері керек. Жалпы, бұл шараны қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр.

АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, “Көмек жақын жерде” еріктілер қозғалысы жетекшісінің орынбасары:

– Әр мереке сайын келіп, сыйлықтарымызбен осы үйдегі тұрғындарды қуантып тұрамыз. Бүгінгі шараға да құр қол келмедік. Киім-кешек пен ойыншықтар әкелдік. Бізге өмірдің қиын жағдайына тап болған әйелдер де жүгініп жатады. Оларға осындай мекеме барын айтамыз.

Жанға жылу мен үміт сыйлаған бұл үйдің ашылғанына 10 жылдан асты. Мұндағы тағдырлас келіншектер өзара тату. Бірлесе тамақ істеп, үй жинайды. 4 айлық Айлина есімді балдай тәтті бөбек бұл үйге шілде айында келген. Сұхбаттасып, сырын айтқан нәзікжанды өзін Айнұр деп таныстырды.

АЙНҰР, жалғызбасты ана:

– Паналайтын жер іздеп, интернетті ақтардым. Осылайша осы аналар үйін тауып алдым. Қызымды босанғасын басында ата-анаммен тұрдым. Сосын осында келдім. Ата-анам қонаққа шақырады. Немеремді көрейін деп сұранады. Осында жүріп қас жасаудың арнайы оқуынан өттім. Осы істі ары қарай дамытып, қызығушылықты кәсіпке айналдырсам ба деп жоспарлап жүрмін.

Мұнда келген нәзікжандылар аналар үйін жарты жыл паналайды. Бұл уақытта келіншектер аяққа тұрады. Осылайша бөлек шығады. Кейіпкеріміз болса көп ұзамай ата-анасының қасына баруды жоспарлап отыр.

 

Алдияр Айтпаев