Ақша оңайлықпен келмейді. Алайда, мұны кейбір жандар, әсіресе, жастар жоққа шығарып, құмар ойын ойнайды. Қу ойынның құдіреті бардай. Бастапқыда түлкіге салған қырандай қалықтайсың, жолың болады, алақан ысқылайсың. Бірақ, көп ұзамай қалтада түк те қалмайды. Құртқанды қайтару, қайтадан олжалу болу – тәуелділіктің айқын белгісі. Мұның арты түрлі жағдайға алып келуі мүмкін. Бұл – Петропавлдағы психологиялық орталықтың директоры Дмитрий Агаповтың пікірі.
ДМИТРИЙ АГАПОВ, психологиялық орталықтың директоры:
– Ойынқұмарлықтың алдын алу – аса күрделі жұмыс. Бірінші кезекте осыны түсіну керекпіз. Проблема жан-жақты күресті қажет етеді. Сонда ғана оң нәтиже болады. Менің тәжірибемде бәс тігусіз күнін елесете алмайтын адамдар болды. Көңіл бөлінді, жұмыс жүргізілді. Қуанышқа орай, жүгінген жандардың барлығы ойынқұмарлықты ұмытты.
Қазіргі таңда Дмитрий Агапов жастармен жүздесіп, мәселенің өзектілігін түсіндіріп жүр. Мұндай кездесудің бірі жергілікті университетте өтті. Психологтың сөзінше, ойынқұмарлыққа берілген адам қу тірліктен құтылу үшін ашыла білуі тиіс. Яғни, проблеманы жақындарына жария етуі қажет. Кейін ақыл-кеңеске құлақ асуы міндетті. Студенттер жағы айтылғанның бәрін ұйып тыңдады.
ТОМИРИС ШАКРАТОВА, студент:
– Бүгінгі кездесу өте пайдалы дегім келеді. Замандастарымның арасында психологиялық дертке шалдыққандар баршылық. Олар уақыттың көп бөлігін телефонда, түрлі кеңселерде өткізеді. Қарыз сұрайды, кредит алады, күйзеліске түседі. Бұған тосқауыл қою керек.
Жастар арасындағы ойынқұмарлықтың алдын алу – маңызды міндет. Осындай ұрандағы психологтар алдағы уақытта да қыз-жігіттермен кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселені көтермек.
Байболат Култанов