СҚО – елдің аграрлы-индустриялық аймағы. Мұнда жыл сайын барлық дәнді дақылдардың төрттен бір бөлігі өндіріледі. Мұнымен қоса майлы дақылдар ең көп себілетін аймақтың бірі. Өңіріміз ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша да көш бастап тұр. Сондықтан, фермерлерді қолжетімді, заманауи және жоғары өнімді техникамен қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып табылады. Мәселен, осы жылдың маусым айында «ҚАЗТЕХМАШ» машина жасау зауыты «Sampo» комбайндарын құрастыруды қолға алды. Әзірге, жылына 100-ге жуық техника шығару жоспарланған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
– Жуырда құрастыру желісіне барып, барлық жұмысты өз көзімізбен көрдік. Біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің пікірі бойынша «Sampo» техникасы жоғары деңгейде бағаланады және жарнаманы қажет етпейді. Бұл ретте, негізінен, біздің мамандар үшін мұндай техника инновациялық болып табылатынын атап өткім келеді. Жұмыс барысында жыл сайынғы курстарды ұйымдастыру, сервистік орталық базасында біліктілікті арттыру қажет болады.
Айта кетейік, жобаны табысты іске асыру үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Кәсіпорын – «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы, бұл өз кезегінде барлық қолжетімді артықшылықтар мен жеңілдіктерді қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл техниканың құны фермерлер үшін 27% – ға төмен болмақ.
ДЕВЕН КАТАРИЯ, «SAMPO ROSENLEW LTD» БАС ДИРЕКТОРЫ, «MAHINDRA GROUP» КОНЦЕРНІНІҢ ӨКІЛІ:
– «Қазтехмаш» – біздің өте жақсы серіктесіміз. Сондай-ақ, локализация бағдарламасын қолдаймыз. Біз барлық жағынан көмектесеміз, мамандарды құрастыруға және техникалық қызмет көрсетуге үйретеміз және мүмкіндігінше барлық қажетті бөлшектермен қамтамасыз етеміз.
Сондай-ақ, кездесуде одан әрі ынтымақтастық мәселелері, өндірісті оқшаулау және қызметкерлерді оқыту жоспары талқыланды.