Петропавлда 3 ай бойы синтетикалық есірткі жасырумен айналысқан 38 жастағы ер адам ұсталды. Ол Интернационал көшесіндегі үйлердің ауласында құрықталды. Тінту барысында ер адамнан есірткіні қолдануға арналған құрылғылар мен ішінде кристалл тәрізді заты бар 25 полимерлі орама тәркіленді. Оның α-PvP және мефедрон синтетикалық психоактивті зат екені анықталды. Жалпы салмағы – 20,89 грамм, аса ірі көлемге жатады. Бұл 100-ден астам адамды нашақорлыққа тартуға жеткілікті дейді тәртіп сақшылары. Аталған факті ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті бұрын есірткіні сату мақсатынсыз заңсыз қолданғаны үшін сотталған. Қазіргі уақытта қамауға алынған, іс материалдары сотқа жіберілді.