АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Бұл күнді өнерсүйер көпшілік асыға күткені айдан анық. Әне-міне дегенше, Петропавл төрінде еліміздің драма театрларының қатысуымен 29-шы республикалық фестиваль басталмақ. Барлығы – 10 ұжым. Сахна саңлақтары 1 апта көлемінде жерлестерімізді өнер нәрімен сусындатпақ.
Ауқымды шараның Петропавлда өтуі тектен-тек емес. Заман талабына сай келетін жаңа театрымыз арнайы таңдалған. Өнер сайысына қазылық ету үшін теріскейге бірқатар зиялы қауым өкілі табан тіреді. Топты КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов бастады.
АСАНӘЛІ ӘШІМОВ, КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Бұл – халыққа әкелінген сыйлық. Халықпенен жүздесу, кездесу, пікір алмасу, шүйіркелесу кеші. Бұл – тарихта қалатын оқиға. Бұл өңірден талай-талай ұлылар шыққан. Киелі жер. Халықты да байқап жатырмыз. Көздері жайнап, қуаныштары қойынға сыймай, қарсы алып жатыр.
Тамырын тереңге жайған фестиваль жыл сайын ұлт алдында еңбегі ерен жандардың мерейтойына арналады. Биыл бұл шараға біртуар тұлға Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы арқау болды. Театрдың бірінші қабатында арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда қаймағы бұзылмаған Қызылорда жерінен түлеп ұшып, артынан өшпейтұғын із қалдырған азамат жайлы тың деректер мен әдебиеттер және суреттер қойылды. Кейін сахна саңлақтарына құрмет көрсетілді. Әр театр труппасы қызыл кілеммен жүріп өтті.
Шарада облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көпшілікке құрмет көрсетті. Аймақ басшысы Асанәлі Әшімовке шапан жапты. Сондай-ақ, барлық өнер иелеріне сәттілік тілеп, ыстық лебізін жеткізді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қазақтың ұлы батыры Қожаберген жырау, данышпан жырау Шал ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың кіндік қаны тамған киелі өңірге қош келдіңіздер! Құрметті фестивальге қатысушылар, Қызылжар аумағы – саф өнерге талай талантты шығарған мекен. Олардың бірі – Канн фестиваліндегі “Үздік әйел рөлі” номинациясын алған Самал Еслямова. Бір апта болатын республикалық фестиваль қатысушылары мен оларға баға беретін қазылар алқасына сәттілік тілеймін. Фестиваль құтты болсын!
Кейін көпшілік залға жайғаса бастады. Ине шаншар жер қалмады. Теріскейдің театрға деген сүйіспеншілігі осыдан-ақ байқалды. Шымылдықты Түркістан музыкалық драма театры “Мағжан” спектаклімен ашты.
Талас-тартыс, бостандыққа ұмтылу. Спектакль дәл осындай мұңды әрі аласапыран көрініспен басталды. Кейін өмірге, өлеңге ғашық Мағжанның жарқын бейнесі көрінді. Оқиға Орынборда өрбіді. “Бостандық туы” баспа газетінде жұмыс істеген ақын халық ағарту ісіне де белсене араласады. Оның шыншылдығы мен ұлтжандылық қасиеті кеңес үкіметіне ұнамайды. Олар жерлесіміздің өлеңдерінен ілік іздеп, қысым жасайды. Көп ұзамай қазақ даласын жаппай аштық жайлайды.
Қабырғасы қайысқан қазақтың қора-қора малын Иванов сынды кеңес үкіметінің дөкейлері айдап әкетеді. Бір жұтым су мен нанға зар болған халық тышқан аулауға мәжбүр болады. Кейбірі, тіпті, адам етін де жей бастайды. Аштан қырылған адамдардың санында есеп болмайды. Мұндайды көрген алашордалықтар кеңес үкіметіне қарсы шығады. Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды зиялылар қолда бар малдарын қазақтарға таратады. Бірақ, солақай саясат жағдайды дұрыстауға мүмкіндік бермейді.
Осылайша спектакль қайғылы аяқталды. Актерлерге қошемет көрсеткен көрермен қойылымнан ерекше әсер алғаны соншалық көздеріне жас алды.
– Спектакль жоғары деңгейде өтті. М.Жұмабаевты басқа қырынан көріп, сол кезең көз алдымызға елестеді. Шынын айтқанда көз жасымызды тыя алмадық.
– Бұл елдің, қазақ халқының басына түскен ауыртпалық қой. Актерлер сол кезеңдерді жақсы көрсете білді. Өнерлі жандарға жақсылықтар тілейміз. Талай жылға созылған қиындықты екі сағатта толық көрсетті.
– Маған ұнады. Барық көрерменге ұнады деп ойлаймын. Еліміз дамып, мәдениетіміз нығая берсін.
Қайғы-қасіретке толы спектакльде басты рөлді Еркебұлан Дайыров сомдады. ҚР еңбек сіңірген қайраткеріне Мағжанның рөлі 1 жыл бұрын беріліпті.
ЕРКЕБҰЛАН ДАЙЫРОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Кез келген адам түсінуі керек деп ойлаймын. Ақын әрқашан елмен бірге. Ел ауырса оның да жүрегі ауырады. Бұл спектакль арқылы біз ұлы Мағжанның ұлы депрессиясын көрсеткіміз келді. Қызылжар халқының Мағжанға деген құрметі бөлек. Ағайын Мағжанмен мақтанады. Өлеңдерімен рухтанып, шабыт алады. Біз мұны сездік. Абыроймен спектакльді ойнап шықтық.
Жалпы, фестиваль 14-ші қазанға дейін жалғасады. Ағайынға еліміздегі ең таңдаулы деген спектакльдер жол тартады.
Алдияр Айтпаев