Қазақстан жаңалықтары

Мемлекет басшысы ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, тонау,  мал ұрлығының санын едәуір азайтуға мүмкіндік берген қылмыстардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етілді. Президентке құқық бұзушылықтарға “нөлдік төзімділікті” және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстар туралы баяндалды.

Ержан Сәденовтың айтуынша, жыл басынан бері ауыстырылған нөмірлерден 37 млн қоңырау бұғатталған, заңсыз контенті бар 16 мың сайт анықталған. Мемлекет басшысына нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру туралы ақпарат ұсынылды. Министрдің айтуынша, полиция күштерімен 31 тоннадан астам есірткі мен 79 тонна прекурсор тәркіленіп, 39 есірткі зертханасы таратылды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қылмыстық-атқару жүйесі мен ұлттық ұландағы істердің жай-күйі туралы хабарланды.