СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тимирязев ауданында болды

Тимирязев ауданындағы “Атамекен-Агро-Тимирязево” серіктестігі. Қазір облыстағы ең ірі агроқұрылымда күнбағыс ору жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін өзге дақылдар жиналып алынған екен. Қамбаға 2 мың 470 тонна өнім құйылған.

ИВАН САМОШКИН, “Атамекен-Агро-Тимирязево” ЖШС директоры, Тимирязев ауданы:

– Кеше өнімділік гектарына 12 центнерді құрады. 2 апта ішінде жұмысты аяқтау жоспарлануда. 3 мың гектардан күнбағыс жинау ғана қалды. Іске 12 комбайн мен 12 жүк тасушы көліктер жұмылдырылған. Биыл ауа райы бәрімізді әбігерге салды. Ылғылдылық жоғары. Бұл келер жылғы егінге оң әсер етеді деген сенімдеміз. 

Серіктестік жұмысымен сенбі күні Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Алқаптардағы істі бағамдаған аймақ басшысы жергілікті диқандармен де жүздесті. Биылғы өнімге қарап қанағат еткен шаруаларды бірнеше сұрақ алаңдатуда. Көптің көкейінде жүрген сауалдарды “Есей Агро” серіктестігінің директоры Серік Жүкеев қойды.

СЕРІК ЖҮКЕЕВ, “Есей Агро” ЖШС директоры, Тимирязев ауданы:

– Из 12 тысяч пщеницы, 6 тысяч пророщенные. Это 50%. Куда мы будем реализовавать хлеб пророщенный? Это самый первый вопрос который волнует нас всех.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Дүйсенбі күні 3-ші сұрыптағы бидай бағасы белгіленеді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан қаражат алғандар берешекті қайта ақшалай қайтара алады. Корпорациядан тауарлы несие алғандар да қарызды 4-ші сұрыпты өніммен қайтара алады. Ал өскен егінге келер болсақ, әзірге нарыққа ғана өткізуге болады. Қостанай облысы баға 85 мыңнан төмен болмауын сұрап отыр. Ұлттық қордан да өсіп кеткен егінді сатып алу үшін қаражат бөлінуі мүмкін. 

Биыл Тимирязев ауданының диқандары 271 мыңнан астам гектар жерге дән сіңірген. Бүгінге дейін оның 250 мыңы орылып алынған. Іске 600-ге жуық комбайн жұмдырылыпты. Өнімдер аудандағы 4 элеваторға жеткізілуде.

ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:

– Элеваторлардың сыйымдылығы – 293,9 мың тоннаны құрайды. 42 мың тоннаға жуық өнім жеткізілді. Бұл – жалпы көлемнің 14,3%. Айта кету керек, біздегі диқандардың көбінде кептіру орындары мен қоймалары бар. 

Диқандармен жүздескеннен кейін аймақ басшысы “Атамекен-Астық” элеваторына барды. Мұнда 1 кептіргіш бар. Сыйымдылық 42 мың 800 тоннаны құрайды. Әзірге, оның 19%-дан астамы ғана астықпен толған. Жұмыс сапары барысында Ғауез Торсанұлы Тимирязевтағы орталық жылыту жүйесінің тегеурінімен де танысты. Қазіргі нысанның қауқары төмен. Сол себепті, сот, прокуратура, аудандық полиция мен білім бөлімі мекемелері орталық жылудан бас тартты. Оларда қазір автономды пеш тұр. Осыған байланысты қазір жаңа, қуатты қазандық салу жоспарланып отыр.

РҮСТЕМ РАМАЗАНОВ, Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары:

– Жобалық-сметалық құжат дайын. Жаңа нысанның аумағы 832 шаршы метрді құрамақ. Бұрынғысынан қарағанда екі есе қуатты ету жоспарланып отыр. Сонда мемлекеттік мекемелер орталықтандырылған жылыту жүйесіне қайта қосылады. Сондай-ақ, біз ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын жылу желілерін салуды жоспарлап отырмыз. Себебі, қазіргісі апаттық деп танылды. Бұл жобалардың құны – 1 млрд 390 млн теңге. 

Жергілікті ағайын да бұл жаңашылдықты тағатсыздана күтуде. Бұған облыс әкімі тұрғындармен кездесу барысында көз жеткізді. Көпшілік көтерген мәселенің бірі осы. Келесісі аудандық аруханаға қатысты.

НИКОЛАЙ ГАБОВ, Тимирязев ауылының тұрғыны:

– Өзім осы ауруханада 44 жыл еңбек еттім. Мекеменің жайы мәз емес. Науқастарды 3-ші қабатқа көтерілуге арналған жедел саты жұмыс істемейді. Жертөле де жөндеуді қажет етеді. Екі жыл бұрын учаске кәріз суына толып кеткенде арнайы көлік әкеліп, сору жұмыстарын жүргіздік.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Жертөледегі кәріз жүйесінде 2 жыл бұрын ақаулықтар болды. Аудан әкімі бұл мәселені шешті. Жүйенің жұмысы қалыпқа келтірілді. Мекемені жөндеу туралы жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жөндеуге 600 млн теңге қажет. 1-ші қабатты және жертөлені күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, терезелерді ауыстыру қажет. 

Мекемені жөндеу үшін қаржыландыру “Ауыл-ел бесігі” жобасы аясында жоспарланып отыр. Ал ауылды жарықтандыру мәселесі аудан әкімдігіне жүктелді. Әсіресе, шеткі көшелерде жарық жоқ.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Я думаю аким района рассмотрит этот вопрос с местного бюджета или с привлеченных средств. Это рекомендация. Благустройство район будет брать на себя.

Жиында ағайын аудандағы оң жаңалықтармен де бөлісті. Елді мекендерге маман тарту жұмысы да тілге тиек етілді.

 

Алдияр Айтпаев